Алматыда тағы да дала өрті тіркелді. Түрксіб ауданында қураған шөп өртенген.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 тамызда жергілікті уақыт 11.38-де «101» пультіне Бұқтырма көшесі, 152/2-үй маңында құрғақ шөп өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түскен. Өрт барлығы 7 000 шаршы метр ауданды шарпыды.
Өртті сөндіруге департаменттің жеке құрамының 20 адамы мен өртке қарсы және апаттан құтқару қызметінің 4 техникасы жұмылдырылған. Жалын 12.40-та ауыздықталып, 13.00-де түгел өшірілді.
Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, мұның алдында 11 тамыз күні Көктөбе маңында екі рет өрт шыққан еді. Алғашқысында бір гектар жер өртенсе, екінші өрт мың шаршы метрдей аумақты шарпыған. Екінші өрт орнынан бір адамның мәйіті табылды. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Бірінші өрт 11 тамыз күні сағат 20.00 шамасында, екіншісі 23.00 шамасында өшірілді.
«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, 12 тамызда Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында дала өрті қаупі күшейеді.