Алматы облысында әскери барлаушылардың дала жиыны өтіп жатыр

Жаркенттегі "Көктал" полигонында Алматы өңірі гарнизондары әскери бөлімдерінің барлаушылары дала жиынына қатысып жатыр. Шара шілденің 30-ында басталды, енді 17 тамызда аяқталады. 

Фото: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі

ҚР Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз хатшысы Гүлмира Полатбектің хабарлауынша, дала жиынында Талдықорған, Жаркент, Алматы және Қапшағай гарнизондары әскери бөлімдерінің штабтық барлау батальондарының барлаушылары тауда, су астында және су үстінде арнайы тапсырмаларды орындау машықтарын шыңдайды. Барлығы 700-ден астам әскери қызметші қатысып жатыр.

Жиында олар үшін десанттық-шабуылдау дайындықтары, терроризмге қарсы, түнгі және күндізгі уақыттағы атыстар мен жауынгерлік техникаларды айдау, әскери топография бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Рота командирлері мен топ командирлері жауынгерлік дайындық бойынша жарыстар да өтеді. Онда үздік атанғандар жыл сайын тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Қарағанды іргесіндегі «Спасск» оқу полигонында өтетін «Алтын үкі» оқу-жаттығуына жолдама алады.

Десанттық барлаушылардың жаттығуы
Фото: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі

Ал су бетінде және су астында арнайы тапсырмаларды орындаудың шеберлері осы жылдың тамызының соңында өткізілетін «Терең рейд-2019» оқу-жаттығуына қатысады.

Жыл сайын жоспарлы түрде өткізілетін жиынның басты мақсаты — барлаушылардың жеке және топтар құрамында өздеріне жүктелген тапсырмаларды тыңғылықты және асқан шеберлікпен орындай алуы, — дейді жиынның бастығы, №74261 әскери бөлімінің командирі, подполковник Арман Асанбай.

Дала жиыны басында кір тастарын көтеруден, белағашқа тартылу мен футболдан сайыс та ұйымдастырылады. Жуырда спорт сайыстары бойынша үздік деп танылғандарды жиын бастығы мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Фото: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version