Карина мен Лиэль Махпировалар — 2 жыл бұрын Максим Галкин жүргізетін «Лучше всех» телешоуына қатысқан жас цирк артистері. Карина 12 жаста, Лиэль 7-де. Мұрат Мұтырғановтың Smile шоуында өнер көрсетеді. Екеуі әуе гимнастикасы бойынша трюктер орындайды, Карина бұған қоса моноциклмен цирк элементтерін жасайды. Baribar.kz тілшісі Махпировтар отбасымен кездесіп, кішкентай гимнастардың қалай жаттығатынын көрді.

Циркке алғашқы қадам

Бірде қыздардың анасы Жанна Махпирова Мұрат Мұтырғановтың балаларға кастинг жариялағанын естіп, үйіне айтып келді. Қыздар ол кезде көркем гимнастикамен айналысып жүретін. Каринаның көркем гимнастикадан үшінші разряды бар. Әкесі Азиз жұмыстан сұранып, қыздарын кастингке алып барды. Қазыларға Каринаның өнері ұнады. Олар сынға қатыспаған, әпкесіне еріп барған Лиэльге де цирк өнерімен айналысуға кеңес берген.

«Лиэльді де қосып алып, бірге өнер көрсетуді үйреніңдер» деді. Өйткені сахнаға жұппен шығу жеңілірек екен. Сөйтіп қыздар кастингтен өтіп, Мұраттың командасына қосылып, цирк мектебінде үш ай оқуға грант жеңіп алды. Қазір Мұтырғановтың студиясы Нұр-Сұлтанға көшіп кеткендіктен қыздарымыз түрлі студияда жаттығып жүр. Ал негізі YouTube-тен қарап отырып, үйде көп жаттығады. Қазір жаңа үйге көшіп жатырмыз. Бара сала еденін жөндедік. Қыздар көбіне үйде дайындалатындықтан көшу жаттығуға кедергі болмасын дедік, — дейді Азиз Махпиров.

Карина және Лиэль Махпировала
Карина мен Лиэль Махпировалар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір қыздар Smile шоуы ұжымымен бірге республика өңірлерінде өнер көрсетіп жүр. Лиэльдің сахнада Сырым есімді жұбы бар. Тәжірибесі мол, Лиэльді кез келген уақытта қауіптен қорғап қала алады.

«Лучше всех» шоуына шақыру

Телешоу режиссерлары Каринаның Instagram-дағы парақшасына хат жазуы күтпеген оқиға болған. Олар шоуға Лиэльмен бірге келуді өтінген. Бірақ сіңлісінің қатысушы болуға жасы жетпей, әкесімен бірге көрермен болып барды.

Шоудың атмосферасы қатты ұнады. Үйімді сағынып үлгермедім. Уайымдап, қобалжуға уақыт та болмайды. Шоудың айналасында жүрген режиссер, продюсер, оператор, гример, костюмерлерге дейін әр қатысушыға мұқият көңіл бөледі. Бізбен бірге ойнайды, әзілдеп күлдіреді. Көптен көрмеген туыстарыма барып қайтқандай болдым. Ал шоудың жүргізушісі Максим Галкин өмірде теледидардағыдан да көңілді жүреді. Қобалжи бастағанымыз сол екен, Галкинді көре сала бәрін ұмытып кетеміз. Шоуда Максиммен кәмпиттердің дәмін татып ойнадық. Ол өзіне түскен барлық кәмпитті жей бергенімен түсірілімнен соң су сұрап жүгіріп кетті. Шоуда маған алдын ала қойылатын сұрақтарды берді. Бірақ қатып қалған сценарий жоқ. Максим ағай Лиэльді келесі бағдарламаға арнайы өзі шақырды, — дейді Карина.

Лиэль қатты қобалжығанын айтты. Максим Галкин екеуі жұртқа комплимент жасап иілуді үйренген. Цирк тілінде комплимент — өнер көрсетіп болған соң көрерменнің алдында екі қолыңды екі жаққа жіберіп бас ию. Шоуда матамен, шығыршықпен және мачтамен нөмір қойыпты. Мачта дәл пилон сияқты. Айырмасы — ол ілініп тұрады.

Карина телешоудағы цирк нөмірін екі апта бұрын дайындай бастаған. Сахнаның сыртында теледидар болады. Соның алдына гримерлар, костюмерлер, психологтар мен операторлар, балаға бір нәрсе болса, жүгіріп келетін жедел жәрдем қызметкерлері түгел жиналып алып, Каринаға жанкүйер болыпты. Карина бәрін құшақтағанын айтты. Адаммен амандасқанда құшақтауды Мұрат үйреткен. Сыйлыққа берген кәмпиттің бәрін түсірілім тобына таратып шығыпты. Каринаның айтуынша, «Лучше всех» шоуын ұйымдастырушылар қатысушы мен оны алып жүретін бір адамның барып-келу билетін, қонақүйдегі орнын, қала ішінде жүретін такси ақысын төлейді. Өнер көрсетуге керек нәрсенің бәрін алып беруге дайын. Карина үшін моноцикл, жаңа баспалдақ сатып алмақшы болған. Бірақ Азиз бен Жанна бәрін Алматыдан арқалап барыпты.

Махпировтар отбасы
Махпировтар отбасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сахнадағы қауіп-қатер мен қаражат тапшылығы

Лиэль сахнаға шыққанда анасының қатты уайымдайтынын айтты. Бірақ оны қыздарға білдірмей, күліп тұруға тырысады екен. Жаттығу кезінде Карина бірнеше рет жарақат алған. Үйдегі пилонда жаттығып жатып, аяғын сындырыпты. Тағы бірде мата ілмекке мойнымен ілініп қала жаздаған. Моноциклді көшеде айдап келе жатып, баспен құлағаны да бар.

Жаңа жылға арналған шоуда төрт метр биіктікте өнер көрсеттім. Қорғаныш арқандарынсыз шықтым. Сонда анам саусақтарын айқастырып, қатты уайымдап тұрды. Мен сахнаға шыққан сайын «құлап қалмаса екен» деп тілеп тұрады. Карина бір жолы сахнаға орындалуы қиын нөмірмен шықты. Толық үйреніп бітпеген екен. Әйтеуір қатесіз орындап шығып, сахнаның артына барса, анам жылап тұр. Ол мәз. «Бәрі дұрыс» деп зорға жұбатты, — дейді Лиэль.

Карина әр қойылымы үшін 15 мың теңге алады. Тапқан ақшасын жинап, оны цирк реквизиттерін сатып алуға және келешекте Ресейге оқуға түсуге жаратпақшы. Әзірше қойылымға қажет реквизиттердің біразын әкесі жасап береді. Мысалы, «Лучше всехта» қолданылған баспалдақ пен шығыршықтарды Азиз жасаған. Ал қыздардың костюмдерін анасы тігіп жүр екен. Қыздары үшін тігіншілікті үйреніп алуға мәжбүр болған.

Жанна Махпированың айтуынша, спорттың кез келген түрімен кәсіби түрде айналысқан балаға көп қаражат кетеді. Каринаның алғашқы моноциклы өте қарапайым болыпты. Алматыдан 9 мың теңгеге сатып алған. Екіншісін өзі тапқан ақшаға 160 мың теңгеге алыпты.

Екі қыз қазанда Канадада өтетін жарысқа баруға жолдама жеңіп алған. Бірақ сапардың шығыны көп болып тұр. Қыздардың әзірше демеушісі жоқ. Сол себепті жарысқа қатыса алмауы мүмкін.

Келешекке кәсіби жоспар

Анасының айтуынша, Карина мен Лиэль әуе гимнастикасынан Қазақстан құрамасына алынуы мүмкін.

Бұған дейін әуе гимнастикасымен әуесқойлар айналысса, ол биылдан бастап ресми түрде спорт түрлері қатарына кірді. Былтыр олар Бішкекте өткен жарыста пилонмен өнер көрсетуде жүлде алды. Қырғызстанда пилонмен өнер көрсету бұрыннан ресми спорт түріне жатады. Келер жылы еліміздің құрамасында өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Жақында Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық APCF жарысына қатысып, Карина бірінші, Лиэль екінші орын алды. Астанада International Pole Sport федерациясы тұңғыш рет әуе гимнастикасынан халықаралық жарыс өткізді. Карина қатысып, құрдастары арасында әлемде бесінші екенін дәлелдеді. Жарысқа дайындалмайтын уақытта жаттығу залына аптасына үш рет барамыз. Жарыс жақындаса, күн сайын келіп үш-төрт сағат дайындалып кетеміз, — дейді Жанна Махпирова.

Cirque du Solei циркінде жұмыс істейтін қазақ қызы Гауһар Ахметова Каринаға сіңлісімен бірге кәсіби маман ретінде шыңдалуға кеңес берген.

EXPO-2017 көрмесі кезінде Мұрат бізді Cirque du Solei қойылымына апарды. Сахнаның артына барып, артистермен кездестік. Гауһарды сонда көрдік. Кейін онымен Алматыда да жолықтық. Лиэль екеуімізге осы бастан белгілі бір жанрды таңдап, соның жолуына түсуге кеңес берді. Біз парақшамызға дайындықтарымыздың видеосын жүктеп отырамыз. Cirque du Solei парақшасы бізге бірнеше рет лайк басты. Қуанып, оны жұрттың бәріне айтып шықтық, — дейді Карина.

Лиэль болашақта әуе гимнастикасы бойынша жаттықтырушы болмақшы. Жеке сұлулық салонын ашып, мэйк-ап шебері болуды да ойлайды.

Карина мен Лиэль Махпировалар
Карина мен Лиэль Махпировалар. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!