«Шашқа портрет салуды осыдан бір жыл бұрын қолға алып, айналыса бастадым. Әрине шетелде бұл сән болғанымен, біздің менталитет басқа болғандықтан барлық адамдар бұл трендті қабылдай қоймайды. Десек те бұл — өнер. Себебі жеке адамның, оның үстіне, танымал тұлғаның бейнесін ұқсатып шаш қию — оңай емес», — деді шаштараз Меруерт Давлетова.
Ақынның портретін салуға #Abai175 челленджі себеп болған. Меруерт Давлетова әлеуметтік желідегі мұндай байқау, жарыстарға мән бермейтінін айтты. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайбергеннің ақын өлеңінен үзінді оқығаны ерекше әсер қалдырыпты.
Содан бұл эстафетаны өз бетімше кәсібіммен байланыстырсам деген идея келді. Бұған дейін президент Қ.Тоқаевтың портретін келтіріп шаш үлгісін қиғанмын. Мемлекет басшысының бейнесімен шаш қию идеясын клиентім ұсынды. Содан соң әлеуметтік желі арқылы адам іздеп, нәтижесінде Президент портретін алматылық жігіттің шашына салдым. Дегенмен, сол кезде Президент сайлауына қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқандықтан, жауапкершілікке тартылып кетпейік деген оймен шаш үлгісін сол сәтте қайта өзгертіп тастадық. Шынымды айтсам, екеуінде де қатты қобалжыдым. Біріншіден, бұл — біреудің шашы, оны жұртқа күлкі болмайтындай етіп дұрыстап алу керек. Екіншіден, бүкіл ел танитын атақты адамдардың бейнесін ұқсата алам ба деген күмән болды», — дейді ол.