«Секер»
Режиссер Сәбит Құрманбековтің бас кейіпкері Секерді әкесі ұл сияқты тәрбиелейді. Төрт қыз тәрбиелеген әке ұрпақ жалғастырар ұлды аңсайды. Кейін Секер ұл емес екенін түсініп, өзін табуға тырысады.
Фильмді режиссер анасының өмірбаянына негіздеп түсірген. Ең басты идеясы — табиғатта әр нәрсенің орны бар, жаратылыс бәрін өз заңымен шешеді.
«Аңшы бала»
Режиссерлары — Ерлан Нұрмұхамбетов пен Бегарыс Елубай. Фильмнің сюжеті қаладан ата-әжесінің үйіне жазғы демалысқа келген Қамбардың ауылдағы өмірі туралы. Қамбар өзімен құрдас Самал есімді қызбен танысып, достасып кетеді. Бір күні Самалдың ақ лағын ауылды үркітіп жүрген Көкшолақ қасқыр жеп кетеді. Қасқырдан кек алмақшы болған Қамбар Самалды ертіп алып, Көкшолақты аулауға шығады. Осылайша бір күнде Қамбар аңшы атанады.
«Аңшы бала» фильмі Голливудтағы International Family Film Festival кинофестивалінде «Үздік шетел драмасы» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. ІІ «Сердце Байкала» отбасылық және балалар фильмдерінің халықаралық кинофестивалінде «Балалар мен жеткіншектерге арналған үздік фильм» атанды.
«Бәйтерек»
Данияр Саламаттың фильмі. Санжардың әке-шешесі қалада, ал ол ата-әжесімен ауылда тұрады. Бала әке-шешесі қаладағы күйбең тірліктен ажырап, оған тезірек оралса екен деп армандайды. Санжар ел астанасындағы «Бәйтерек» монументінде Президенттің алақан ізіне қол қойып, тілек тілесе, әкем мен анам орындалады деп сенеді. Оқушысының арманын мектепте сабақ беретін Дана апайы біліп қояды.
«Жеңіс семсері»
Режиссерлары — Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаев. Фильм фантастика жанрында. Семсерін іздеген Арыстан батыр уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, қазіргі заманға тап келеді. Оның семсерін ауыл баласы Айтуар тауып алған еді. Арыстан мен Айтуардың кездескен сәтінен бастап шытырман оқиғалар өрби жөнеледі.
«Жеңіс семсері» фильмі Мәскеуде өткен XV «Сказка» кинофестивалінің гран-приіне ие болады.
«Біздің қаламыздың кішкентай ханзадасы»
Талғат Теменовтің фильмі. Балалар үйінің тәрбиеленушісі 6 жасар Бибол күйші-музыкант қарттар үйіндегі Қасымхан есімді атамен дос болады. Екеуі адамның рухани-адамгершілік қасиеттің арқасында шынайы бақытқа қол жеткізуге болатынын түсінеді.
Басты рольде ойнаған актер Төлеубек Аралбай Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер кинофестивалінде «Үздік ерлер ролі» сыйлығын алды. Сонымен бірге фильм Бангладештегі XVII халықаралық кинофестивальде «Бадала Рахман атындағы үздік балалар фильмі» марапатына ие болды.