Алматыда Домбыра күніне орай «Ұлттың саз байрағы — домбыра» республикалық акциясы өтті. Акцияның мақсаты — домбыраны көпшілікке тарату арқылы ұлттық мәдениетті сақтау және жаңғырту идеясының айналасында қоғамды одан әрі біріктіру.
Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының Алматы қалалық меңгерушісі Назар Балғымбаев, Алматы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Шоқан Тәжімұратов бастаған бір топ қаладағы №1, №2, №3 және №5 перзентханаға барып, жаңа туған 11 сәбидің анасына тарту етті. Домбыраның сүйемелдеуімен «Жан анам», «Анашым» әндері шырқалды. Тілек айтылып, гүл шоқтары табыс етілді.
Домбыраны сыйға алған аналарының арасында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың немересі де бар. Ақынның Алмагүл атты қызынан туған жиен немересі тұңғышын мереке күні дүниеге әкелген. Ол құттықтап келгендерге Мұқағалидың кітаптарын сыйлап, ризашылығын білдірді. Одан бөлек аналар арасында кәріс, орыс, ұйғыр ұлт өкілдері де болды. Тосыннан келген қонақтарға аналар да шын алғысын айтты.
Құттықтаушылар арасында Алматы қалалық түрік, орыс, ингуш, осетин, ұйғыр, ауған, бурят, әзірбайжан, дүнген этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен Алматы қалалық ҚХА жанындағы Ынтымақ депутаттық тобының мүшелері болды.