ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мемлекеттік қызметкерлерге шетел автомобильдерін сатып алуға 2 жылға тыйым салу мәселесі туралы пікір білдірді.
Әрине, өзекті мәселе. Бірнеше жылдан бері Кеден одағы аумағында, яғни ЕАЭО аясында «ұлттық режимнен босату» түсінігі қолданылады. Осы жылдар ішінде біздің бизнес-қауымдастық бұл мүмкіндікті қолданбады және пайдаланбады. Өткен аптада Үкіметте ұлттық режимнен босатуды белгілеу туралы қаулы қабылданды. Оған автомобильдер, трансформаторлар мен кабельдер кірді, — деді Аманияз Ержанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұл шектеу отандық машина жасау саласын қолдау үшін енгізіліп отыр.
Мемлекеттік сатып алу кезінде екі жылдық шектеу бар, яғни тек отандық өнімдер сатып алынады. Біз осы салалардағы кәсіпорындарымыздың дамығанын күтеміз. Кабель өндірісі бүгінде 80%-ке дейін өсті. Осы күні бізде Қарағанды, Павлодар, Атырауда ашылған кәсіпорындар үшін мүмкіндік бар. Олар қазір «Қазақтелеком» өткізіп жатқан талшықты-оптикалық байланыс желісі үшін өнімді сата алады, — деді вице-министр.