Назерке Мұқажанова: «Ағылшын тілін алты жастан бастап оқытудың зияны жоқ»

Бүгінде еліміздің әрбір қаласында шет тілін үйреніп жүргендердің қатары күн санап артып келеді. Себебі, түсінікті де. Тіл білсең көкжиегің кеңейеді, шетелде білім алуға, саяхат жасауға, сондай-ақ қызмет бабында көтерілуге т.б. мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылады. Осыған орай, біз Астана қаласындағы «Глобал майнд» тіл үйрету орталығының директоры Назерке Мұқажановамен сұхбаттасқан болатынбыз. Замандасымызбен әңгімені орталықты ашудағы мақсатынан бастауды өтіндік.

Назерке Мұқажанова— Орталықты жеке кәсіпкер ретінде ашқаныма көп бола қойған жоқ. Мұның алдында 2011 жылы Алматы қаласында серіктесім екеуміз жай курс ашқан болатынбыз. Кейіннен Астана қаласына келген соң тендермен жұмыс жасауға бекіндік. Түрлі мемлекеттік ұйымдарға, атап айтқанда, Қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі», «KEGOC» және қазіргі Парламенттегі Мәжіліс пен Сенаттағы депутаттарға ағылшын тілінен сабақ бердім. Қасымдағы екінші серіктесім мемлекеттік оқытуда қалды да, ал мен бөлек тіл орталығын ашуды ұйғардым. 2000 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне грантпен түстім. Сол кезде оқып жүріп, қосымша сабақ бердім. Өйткені ағылшын тілім өте жақсы болды. Оқу бітіргеннен кейін бұрынғы жұмыс істеген жердегі әріптестерім іздеп шақыра бастады. Маған адамдарға ағылшын тілін үйрету ұнайды. Үш айдан кейін келушілер ағылшынша сөйлей бастайды. Алғаш Астанаға келген жылдары курста сабақ беретін кейбір ұстаздардың білімі өзімнен төмен екендігін байқадым. Соған қарамастан олар курс ашып алған. Сосын маған да осындай тіл орталығын неге ашпасқа деген ой келді. Мұнда көбінесе жастар, үлкендер келіп оқиды. Олардың айтуынша, жұмыстарында үш-төрт ай лимит береді. Сол аралықта «Ағылшын тілін үйрен, әйтпесе жұмысыңнан шығасың, не жалақыңды қысқартамыз» деп талап қояды екен. Яғни жекеменшік жерде жұмыс істейтіндер көбірек келеді. Шамалауымша, көптеген жұмыс орындарында мұны статус ретінде қажет ететін болуы керек. Ал Парламенттегі депутаттарды түсінуге болады. Өйткені шетелден делегация келеді, ресми іс қағаздар мен хаттар көбіне шет тілінде жазылады. Шетелдік ұйымдармен жұмыс жасағандықтан депутаттар аудармашыға жүгінбей-ақ өздері аударғаны дұрыс шығар. Оның үстіне қазір елімізде туризм дамығандықтан көбісі шетелге шығып жатыр. Оған да тіл білуің қажет.

Аудармашысыз өзің сөйлегенге не жетсін. Бұл да бір жағынан адамдарға үлкен мотивация. Себебі, ғаламторда көптеген материалдар ағылшын тілінде шығады. Ағылшын тілінде болмаса оны халықаралық статусқа шығара алмайсыз. Әрі жаңалықтарды бірінші болып білгіңіз келсе ағылшынша білуіңіздің пайдасы көп. Өзіңіз де білесіз, халықаралық кездесулер мен түрлі конференциялар шет тілінде өтеді. Ал оған материалдар мен кітап, газет-журналдарды әрине ағылшын тілінде ұсына аласыз.

— Мұнда оқу мерзімі қанша жыл? Ағылшын тілін келушілер тез меңгеріп жатыр ма және қандай кепілдеме бересіңдер?

— Оқу мерзімі — 2 жыл. Орталыққа ағылшын тілін мүлде білмейтіндер келеді. Мұнда адам саны аз болғанымен ұзақ уақыт оқытамыз. Неге десеңіз, біріншіден ІЕLTS халықаралық тест, оны тапсырмасаңыз ешбір шетелдік оқу орнына түсе алмайсыз. Сонымен қатар, КИМЭП, ҚБТУ, Назарбаев университеттеріне де және магистратураға, докторантураға да (PhD) түсе алмайсыз. Талап қатты болғандықтан өздері үшін келіп оқиды. Тіпті жай университеттердің өзінде қазір ІЕLTS сұрайды. Өйткені, бұл тесттен 5 немесе 6 балл алсаңыз, ағылшынша білеcіз деген сөз. Ал ол білім сатылмайды. Сондықтан бірінші кезекте ІЕLTS тапсыру маңызды. Байқауымша, Қазтестті осы ІЕLTS-қа ұқсатып жасаған. Орталыққа бұрынғы оқып кеткендер арқылы келетіндер көп. Яғни, таныстарынан естиді немесе туыстары ұсынғандықтан келіп жатқанын байқаймын. Себебі, қазір Астанада саны көп, сапасы жоқ оқу орталықтары қаптап кетті. Тіпті мұғалімдер мен менеджерлердің өзіне сұрақ қойсаң қарапайым нәрсені білмей тұрады. Менеджер келген клиентке қандай әдістеме мен бағдарлама керектігі туралы дұрыс мағлұмат бере алмаса, онда сізге жақсы білім бере алмайды деп ойлаймын. Бізге келген адамға бірден әдістеме, бағдарлама, мерзім беріледі. Осындай уақыт аралығында мынанша сөз біліп шығуыңызға кепілдеме береміз дейміз. Мысалы, клиент грантқа немесе магистратураға түсу үшін маған алты балл керек деп келеді. Алты балл дегеніміз ағылшын тілінде бесінші деңгей. Айта кетейін, осы жазда төрт-бес адам дайындалып, өздеріне керекті баллды алды. Егер топта оқитын болсаңыз бір жылдай уақыт кетеді. Бірақ, топта кепілдеме бермейміз. Күніне 15 сөз, бір тақырып береміз. Айталық, отбасы тақырыбын өткен кезде өзіңіздің әулетіңіз жайлы айтып берсеңіз, демек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Үш айдан кейін бірінші деңгейді бітіресіз. Егер алғыр болсаңыз топтан топқа ауысуға да болады. Мұнда мұғалімдердің бәрі тәжірибелі, шетелде оқып келгендер.

— Үштұғырлы тілге қатысты қазір әртүрлі пікірлер айтылуда. Қалай ойлайсың, ағылшын тілі болашақта орыс тілін ығыстыруы мүмкін бе?

— Елбасымыз үштілді оқытуды енгізгендіктен ағылшын тілі болашақта орыс тілінен сөз жоқ, артық болады. Өйткені ағылшын тілін ХХІ ғасырда 20 жасқа дейін білу керек. Бүгінде ғаламторда қажеттінің бәрі бар, оқу орталықтарының бағасы да соншалықты қымбат емес. 1-2 деңгейді оқып, бітіріп алуға болады. 15-20 жыл бұрын ағылшын тілі қатты қолданыста болған жоқ. Сол сияқты туризм де дамымаған еді. Қазір көпшілігі шетелдерге қыдыра бастағандықтан ағылшын тілін өздіктерінен үйреніп жатыр.

— Ағылшын тілін ғаламтордағы онлайн курстар арқылы үйренген дұрыс па әлде орталыққа міндетті түрде келуі тиіс пе? Репетитор жалдаудың қандай айырмашылығы бар?

— Менің практикамда өз бетімен оқып, ағылшын тілінің 2-3 деңгейіне жеткендер болды. Ол адамның өзінің алғырлығы мен керемет ынтасына байланысты болса керек. Десе де, топқа келгені дұрыс. Өйткені, мұнда сөйлеседі, тыңдайды, жазады. Бетпе-бет тіл үйренушілермен тәжірибе алмасады әрі мұғалім бағыт-бағдар беріп отырады. Бізге келушілер қалай сөйлеп кеткенімді өзім білмей қалдым деп жатады. Өйткені, әдістемеміз соған лайықталған. Тілді үйренушілерге ойлантып сөйлетпей, дағдыға айналдырсақ дейміз. Біз соған көп мән береміз. Бір жыл бойы оның миын ашытып грамматика оқытып, қала берді кітапқа басын қатырып қоймаймыз. Мүғалім 15 минут түсіндіреді, қалған 50 минутты топқа келгендерді жұп-жұпқа бөліп, сөйлетуге тырысады. Бастапқыда тіл үйренудегі кедергіні алып тастау үшін қате болсын сөйлетеміз. Тек үшінші деңгейге келген кезде ғана дұрыс емес деп айтамыз. Басынан қатесін түзете берсең адамның тіл үйренуге деген құлшынысы болмай қалады. Оны кейін барып түзеу керек. Осы түйткілді көп мектептер біле бермейді. Курс ашады, алайда ағылшын тіліне емес, кеңсені әдемі жиһаздармен безендіруге көп көңіл бөледі. Мұғалімдеріне де атүсті қарайтын сияқты. Ал мен мұнда дәріс беретін мұғалімнің күн сайын сабаққа дайындалып келуін тексеріп отырамын. Оның 15 жыл еңбек өтілі бар болса да сабаққа дайындалып келмесе, ол бізбен жұмыс істей алмайды. Себебі, тек кітапта жазылғанды үйретіп жүре беретін ұстаздан оқушылар тез жалығады. Сондықтан, мұғалім әрдайым ізденісте жүруі тиіс. Ал репетитор кейбір жағдайда сізді соңына дейін оқытпауы мүмкін. Ауырып қалады, басқа шаруалары шығып қалады дегендей. Жұмысын жүйелі түрде жасай алмаса, тіл үйренуіңіз орта жолда қалады. Ал орталықтарда ондай сылтау жүрмейді. Мұнда тәртіппен курсты соңына өзіңіз тастап кетпеген жағдайға дейін оқытылады.

Негізі адамдардың көбісі өзін жалқаумын деп айтады. Ол жалқаулық емес, мотивацияның жоқтығынан. Орталыққа келушілерге «Сіздер жассыздар, ертең алдарыңыз жарқын болмақ! ІЕLTS бітірсеңіз шетелге шығасыз, магистратураға түсесіз, тіл арқылы жаңа мәдениетті танисыз» деп айтамын. Оның ішінде тек қана ағылшын тілін үйрену емес, кітаптан неше түрлі қызықты мәтіндерді оқисыз. Онда біз білмейтін біреудің өмірбаяны, сіз әлі естімеген тың тақырыптар көп. Кітаптағы мәтіндер жыл сайын жаңарып отырады. Маған бағдарламаның сонысы ұнайды.

— Өзіңнің ағылшын тілің қай деңгейде?

— Өзімдікі 8.0. Ал, жалпы Қазақстанда 9.0 балл алған адам өте сирек. Тоғызға жету үшін көп оқып, ізденуің керек.

— Жұртшылық баланы кішкентайынан шет тілінде оқыту психикасына қиын тиеді деп шулап жатыр. Маман ретінде айтшы, расында тіл үйрену бүлдіршінге қиынға соға ма?

— Маман ретінде айтарым, тілді оқытудың ең жақсы уақыты 11-12 жас. Он жасқа дейін орыс тілі мен қазақ тілін әбден меңгерген, салыстыра отырып аударма жасап үйренуі мүмкін. Бірақ, көп адам неге 5-6 жастан мектепте бастайын деп отыр қателеседі. Менің айтарым, ағылшын тілін бастағанымен оларға ол сөзді жаттап кел, шығарма жаз демейді. Күніне бес сөзді жаттатуы мүмкін. Он жасқа дейін әдістеме бойынша ағылшын тілінде сөйлем құрамайды. Тек қана сөздік қорын көбейтеді. Яғни үш тілде бірден біліп отырады. Біздің елдегі оқу бағдарламасы Қытай, АҚШ т.б. мемлекеттерге қарағанда өте оңай. Осы әдістемеге шыдамаса білмедім. Мысалы менің жиенім 18-де. Ата-апасы 3 жасынан бастап ағылшын тілін оқытты. Оны қазір 18 жастағы енді ағылшын тілін үйреніп жатқан баламен салыстырсақ, жиен інім оларға қарағанда шет тілін табиғи түрде қабылдайды әрі дыбыстап айтуы да жақсы. Ал кейінгілер орысша ойлап, сосын барып ағылшыншаға аударады.

— «Болашақ» бағдарламасымен дайындаған шәкірттерің болды ма?

— Болды, 15 шақты адам шетелге барып оқып келді. Кейбірімен әлі күнге байланысып тұрамын. Жалпы, ағылшын тілін білген, оқыған жақсы ғой. Адам өмірінің 8-9 сағаты ұйқыға, қалғаны жұмысқа кетсе, соның бір сағатын ағылшын тіліне жұмсаса, ол қалыпты жағдай. Онсыз да көп жастарымыз ертелі-кеш ұялы телефонын шұқылап отырады. Одан да уақытын дұрыс қолданып, бір сағатын тіл үйренуге жұмсаса, келешекте көп нәрседен ұтары сөзсіз. Келер жылы елордаға ЭКСПО көрмесіне шетелдіктер келеді. Оларға еліміздегі құндылықтарды ағылшынша түсіндіре алмасақ ұят қой. Судыратып ағылшынша сөйлеп кетпесе де бір-екі ауыз тіл алмасу үшін де үйренуге болады. Оның үстіне дамыған мемлекеттің бір критерийі де ағылшынша білу. Себебі, ағылшын тілі — әлемде ортақ тіл деп танылған.

Жансая Сыдықбай