Тренинг кафе Жұлдыз Әбдікәрімова
Жұлдыз Әбдікәрімова, ©szh.kz

Жұлдыздың жасы 26-да. Фамилиясы Әбдікәрімова. Психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған интернат үйінде тұрса да, 2015 жылдың мамыр айынан бастап, Тренинг кафеде жұмыс істейді.

«Басында клиенттерге шығуға ұялатынмын. Сосын олармен қалай сөйлесу керек екенін үйретті. Біртіндеп кассалық қызметті меңгердім. Қазір даяшымын. Клиенттер берген ақшаны өзіміз алып, кешке админстраторға тапсырамыз. Кіріс пен шығынды санаймыз».

Жұлдыз бұл кафенің ашылғанын интернатта бірге тұрған Қайрат Сәрсенбиевтен білген екен. Қайрат — Тренинг кафенің алғашқы түлегі. Ол осы орталықта жұмыс істеп, реабилитациядан өткен соң, туысқандары интернаттан шығарып алған. Қазір «Жұлдыз» ықшам ауданында жақындарымен бірге тұрып жатыр.

«Біздің балалар ұйымшыл» ,-дейді  Жұлдыз. — Туған күндерімізді осында атап өтеміз. Бір қызық жағдай болған. Полина деген қыз бар. Оған нан қойып үйреттік. Ол нанды гүл сияқты қойғанды жақсы көреді. Соны клиентке апарып бергенде, ол орнынан тұрып, кинодағы сияқты иіліп тұрып, рахмет айтты, — дейді ол күліп.

Жұлдызбен әңгімелесіп тұрғанда қабырғада ілулі тұрған сертификатқа көзіміз түсті. Оны Жұлдыз бен Гүлнар даяшылық қызметтің 72 сағаттық семинарына қатысып алған екен.

Тренинг кафе Гүлнар
©szh.kz
Тренинг кафе
Гүлнар, ©szh.kz

«Мен бүгін аспазды алмастырамын»,- деп бастады Гүлнар әңгімесін. (Оның өтініші бойынша фамилиясын жазған жоқпыз). Гүлнар туғанынан интернатта тұрады. Туысқандары жоқ.

«Жұмыс берушімен келісім-шартты біз үшін интернат басшылығы жасайды. Біз тек келісім береміз. Осында жұмыс істегелі бері азық-түлікті өзіміз сатып аламыз. Ақшаны өзіміз есептейміз» ,-дейді ол.

Гүлнардың айтуынша, кафенің қазір сегіз тұрақты клиенті бар. Олар осы орталықтың тұшпараларын арнайы тапсырыспен алады.

©SZH,kz
©szh.kz

Тренинг кафе өз жұмысын бастағалы бері бірнеше байқауларға қатысып, «Жылдың ең үздік жобасы» номинациясын жеңіп алған. Бұл орталық тек кафенің жұмыстарымен шектеліп қалмай, түрлі қоғамдық шаралар өткізіп тұрады. Жәрмеңкелерге қатысып, қарттарға тегін түскі ас таратады. Түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді.

«Мен манты жасаудан шеберлік сыныбын өткіздім. Бұл бізге күш береді. Жұмыс істеу арқылы өмірге деген құлшынысымыз артады. Әр күніміз қызыққа толы. Коля мен Вадим өте белсенді әрі тыңылықты жігіттер»,-дейді Гүлнар.

Тренинг кафе
Вадим, ©szh.kz

«Қазір тамақ істеп үйреніп жүрмін. Болашақта аспаз болғым келеді. Қазір күніне 500 теңге еңбекақы аламыз. Алматының әкімі Бауыржан Байбекпен кездестік. Ол бізге Барахолкадан ғимарат берді. Қазір қажетті жиһаздарды сатып алып жатырмыз. Бәрі дайын болғанда екінші нүктемізді ашамыз. Бұл жер маған еркіндік берді. Мына тақтайшалардың бәрін өзім жасадым»,-деді Вадим нан турап жатқан тақтайды нұсқап.

Біз Вадиммен сөйлесіп тұрғанда, орталыққа психолог Расима Темербаева келді.

Расима Темербаева
Расима Темербаева, психолог

«Алғашында психологиялық ассоциацияның волонтері болғанмын. Қазір психолог та, тәрбиеші де болып кеттім. Былтырғы жылдары балаларға гигиена, қызмет көрсету, адамдармен тіл-табысуды үйреттік. Балалар сауатты, салмақты»,-дейді психолог.

Тренинг кафе алғаш ашылғанда қоғам дұрыс қабылдай алмаған еді. Кейбір клиенттер даяшылар келгенде қорыққанынан орнынан тұрып, шығып кетіп жататын. Ол туралы орталық психологы: «Басында бізге «Жабық тұшпара цехын, тігін орталығын ашсаңдаршы»,- деп айтқандар болды. Олай істесек, балалар тағы да қоғамнан бөлініп қалады. Бұл кафенің мақсаты – сол балаларды қоғамға алып шығу, өмір сүруді үйрету»,-дейді.

Бүгінде тренинг кафеге орта есеппен күніне 10 адам келеді. Қазіргі таңда ол жерде күніне 4-5 адамнан кезектесіп, 40 адам жұмыс істейді. «Біздің қызметкерлердің бірнешеуі – үйде тұратын, өздері келіп-кететін балалар. Олар үшін бұл жер психологиялық реабилитация сияқты. Олар мұнда тіл табысуды үйренеді. Бізде тұрақты түрде тегін түскі ас шарасына қатысатын белсенді бала бар. Ол алғаш біздің орталықа келгенде тым тұйық болатын. Тіпті «Қалың қалай?» деген сұраққа жауап бермейтін. Қазір адамдармен еркін сөйлеседі», -дейді Расима Темербаева.

Тренинг кафе Алматы
©szh.kz

Психологтың айтуынша, тренинг кафеге жұмысқа тұрғысы келетіндер дәрігерден жұмыс істеуге қабілеттілігі туралы анықтама және медициналық құжаттарын алып келуі керек. Одан кейін орталықтың психологтарымен, кафенің әкімшісімен сөйлесіп, жұмысқа орналасуына болады.

Тренинг кафе Алматы
©szh.kz

Тренинг кафе еліміздің бірнеше қалаларында ашылған. Алматыда екеу болса, Ақтауда бес күн бұрын іске қосылды. Өскеменде 1 қазанда ашылады. Оны еліміздегі жалғыз әйел ұста Светлана Кошелева ашқалы жатыр. Оның қызы Даун синдромымен туылған еді. Светлана орталық ғимараты үшін демеушілер іздеп жатыр.

Қазақта «Жақсылық – жан азығы» деген керемет сөз бар. Қазіргі таңда қоғам белсенділері бұл үрдістен қалмай, барынша қайырымды болуға тырысып бағуда. Оның бір мысалы осы тренинг кафе. Оларға «Сорос-Қазақстан» демеушілік танытып, Beeline операторлық желісі бір жылға тегін Wi-Fi берсе, банктер компьютер сыйлаған. Сондай-ақ, 5 қараша күні ақтаулық жас жұбайлар некелерін осы орталықта қидырып, қайырымдылық тойын өткізбекші.

— Шетелде мүмкіндігі шектеулі жандарға біздегі сияқты назар аудармайды. Бәрі тең саналады. Біздің қоғамдық көліктердегі сияқты «Мүгедектерге орын беріңдер!»,-деп, мүсіркемейді. Бізде қалай? Қарт кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге орын бермейтіндер мүгедектерді адам ретінде санамайды да. Алғашында оларды қоғамдық көлікпен алып жүргенде қамқорлық танытып, құлап қалмаулары үшін міндетті түрде орын тауып беретінмін. Сосын өзіме сырт көзбен қарасам, дұрыс емес екен. Олар үп-үлкен адамдар. Сондықтан тек өздерін қалай ұстау керек екенін, қалай денеңді басқару керек екенін үйрету керек, болды. Шындап келгенде мен олар үшін емес, өзім үшін, олар құлап, бір жерін жарақаттаса, алып шыққан мен жауап беретіндігім үшін қорыққан екенмін. Сізге айтарым, оларға шын жаныңыз ашыса, үйретіңіз! Қайдан шыққанын айта бергенше, қолдау білдіріңіз!- дейді психолог.

Тренинг кафе Алматы
©szh.kz

Бұл жерде психоаналитикалық орталықтың емделушілері үшін қоғамға жол ашылады. Олар адамдар санасындағы стереотиптерді бұзылып келеді. «Біз әртүрліміз — біз теңбіз»,-дейді олар. Иә, біз бәріміз теңбіз!

Қосымша ақпарат үшін: 

8 701 51 000 22 (Ержан, әкімші)
8 705 193 05 58 (Расима Темербаева, орталық психологы)

Мекен-жайы: Айманов көшесі 202 (Жандосов көшесінен жоғары)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!