Басты бет Мәдениет Қазақстанда музейлер мен кітапханалардың қызмет көлемі артты

Қазақстанда музейлер мен кітапханалардың қызмет көлемі артты

2019 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда архивтер, музейлер, кітапханалар мен басқа да мәдениет мекемелері көрсеткен қызмет 11 миллиард теңгеден асты. Бұл 2018 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 28,4% көп. 

Алматы музейі. Фото: Мақсат Шағырбаев

Еnergyprom.kz аналитиктерінің мәліметінше, осы секторда көрсетілген қызметтің ең көп көлемі кітапханалар мен оқу залдарына тиесілі — 40,5%, бұл мекемелер биылғы үш айда 4,5 миллиард теңгенің қызметін көрсетті, сома былтырғы бірінші тоқсанға қарағанда 12,7% көп.

Салада көрсетілген қызмет көлемінің 22,4%-і музейлерге тиесілі — 2,5 миллиард теңге. Көрсеткіш бір жылда 36,6% артқан.

Аналитиктер алдағы уақытта мәдениет нысандары көрсететін қызмет көлемі арта түседі деп отыр. Себебі Нұр-Сұлтанның өзінде бір мезгілде 300 адамға қызмет көрсете алатын ірі планетарий салынып жатыр. Қазір оның бір бөлігі — Ғарыш пен ғарыш кемелері макеті музейінің құрылысы аяқталды. Сонымен бірге ел астанасында Жедел медициналық жәрдем музейі ашылды.

Жалпы, соңғы 10 жылда республикамызда музейлер саны 40-қа көбейді. 2009 жылы 204 музей жұмыс істеген болса, 2019 жылдың басында 245 музейдің қызмет көрсетіп жатқаны есепке алынды. Мұндай мәдениет мекемелерінің саны жөнінен республика бойынша үш өңір алда тұр: Алматы облысында 28, Түркістан облысында 27 және Ақтөбе облысында 20 музей бар.

Еске салайық, бұған дейін Ranking.kz зерттеушілері 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан музейлері 10 миллиард теңгеге жуық қызмет көрсеткенін хабарлаған еді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,4% көп.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version