Фотожурналистика және этика

Сіз фотожурналистсіз және 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймадағы жарылыстың куәсі болдыңыз делік. Қолыңызда сүйікті камераңыз, көз алдыңызда үйлерін тастап, бала-шағасы мен қарттарын жетектеп, қаладан бас сауғалап қашып бара жатқан тұрғындар. Көлігі бар арыстықтар тез арада қаладан шығып үлгерсе, көлігі жоқтар не істерін білмей шарасыз күй кешіп, көшеде көліктермен бірге жарыса жүгіріп бара жатыр. Сіздің көлігіңізде 4 адамға орын бар. Не істейсіз? Ойланбастан бірінші кезіккен адамдарды көлігіңізге отырғызып, оларды қаладан қауіпсіз жерге алып шығасыз ба? Әлде «Менің мамандығым — фотожурналист, міндетім — шынайы фотоларыммен шындықты көрсету» деп оқиға орнын суретке түсіруге кірісіп кетесіз бе?

Тағы бір жағдайды елестетіп көрейік. Сіз жаңалық сайтының редакторысыз. Электрон поштаңызға елдегі маңызды шешім қабылданатын мемлекеттік органның баспасөз хатшысынан хабарлама мен бірнеше сурет келді. Хабарламада сол ұйымның басшысы шетел делегациясымен ел үшін маңызды келіссөз өткізгені туралы ақпарат бар. Ал суреттердің барлығы Photoshop бағдарламасымен өңделгеніне көзіңіз жетіп тұр. Не істейсіз? «Суретте тұрған не бар?» деп сайтқа хабарламаны жаңалық ретінде өңделген фотомен бірге салып жібересіз бе? Екі-үш минут уақытыңызды қиып, интернеттен мемлекет қайраткерінің өңделмеген суретін тауып алып, сілтемесін көрсетіп, жаңалықты жариялайсыз ба? Әлде баспасөз хатшысына хабарласып, суреттің өңделмеген нұсқасын сұратып алған соң ғана жаңалықты сайтыңызға саласыз ба?

Бұл журналистикадағы этика мен кәсібилікті қамтитын сұрақтар. Қазір осы сияқты түрлі жағдайға фотожурналистермен қатар газет-журнал және электрон БАҚ қызметкерлері тап болып, ыңғайсыз мәселелерге жиі ұшырауы мүмкін. Дұрыс шешім қайсы және оның дұрыстығын қалай анықтауға болады? Бұл сұраққа жауап іздеген Калифорния мемлекеттік университетінің профессоры Пол Мартин Лестер өзінің Photojournalism: An Ethical Approach («Фотожурналистика: этикалық әдіс») атты кітабында фототілшілер мен журналистер жоғарыда сипатталған жағдайларға кезіккенде сүйенуіне болатын алты этикалық философияны көрсетеді. Олар:

  1. Категориялық императив. Бұл — Кант философиясына негізделген тұжырым, яғни бір тұлғаға қатысты қолданылған әдіс басқа адамдардың барлығына да қолдануға жарайды. Мәселен, сіз газетте редакторсыз және сізде газеттің басты бетіне өртке оранған үйден жан сақтау үшін қашып бара жатқан жалаңаш әйелдің суретін жариялау-жарияламау мәселесі туып тұр делік. Егер суретті жарияласаңыз, онда сіз әйелдің орнында ер адам болса да, толық адамның суреті болса да, қарт адамның суреті болса да, сол суретті жариялауға дайын болуыңыз керек, яғни қоғамдағы стереотипке сүйеніп, әйел адамның ғана суретін жариялап қою философиялық мектептің ұстанымына қайшы.
  2. Гедонизм. Бұл философиялық мектептің ұстанымы бойынша егер белгілі бір шешім немесе әрекет сол шешімді қабылдаушы адамды «рақатқа» бөлейтін болса, онда ол шешімді дұрыс деп ақтап алуға болады. Бұл логика бойынша фотожурналистикада егер сурет (танымал тұлғаның сенсациялық фотосы, оқыс оқиға орнында түсіріліп әрі өңделген сурет және тағы басқа) газеттің сатылымын немесе сайттың қаралымын арттыратын болса, онда бұл ұстаным бойынша оны жариялау дұрыс.
  3. Алтын орта. Бұл философия мектебі компромисті негізге алады. Егер сурет адамның ар-намысына ашық тимейтін, кейіпкерлерге аз ыңғайсыздық тудыратын, қоғамды қатты даурықтырмайтын және жаңалыққа оқырманды қызықтыратын болса, онда оны пайдалануға болады.
  4. Елеусіздік пердесі (The veil of ignorance). Бұл философиялық ой мектебінің ұстанымы бойынша суретті жарияламас бұрын фотограф немесе редактор суреттегі адамның орнына өзін қойып көруі керек. Егер фотода өзін солай көру ыңғайсыздық тудырса немесе оған ұнамаса, онда олар басқа суретті іздеуге көшуі керек.
  5. Утилитаризм — жағдайдың позитив және негатив тұстарын таразылай келе көпшілікке оның пайдасы көбірек болса, онда ол шешімді қабылдау немесе әрекетті жасау дұрыс деген ұстанымға негізделген философиялық ой мектебі. Мәселен, көлік апатының жантүршігерлік суреттерін жариялау марқұмдардың отбасы мүшелеріне ауыр тиетініне қарамастан мыңдаған немесе миллондаған адамға жол ережесіне мұқият болу керек екенін еске салатын әсері үшін ол фотоны жариялауға болады.
  6. Алтын ереже философиялық мектебін кейде «өзіңді қалай жақсы көрсең, көршіңді де солай жақсы көр» деген сөз тіркесімен сипаттайды. Осы логикаға сай суреттегі адамдарды фототілші немесе редактор өздерін қалай құрметтесе, оларға да солай құрмет көрсетуі керек. Ал бұл ұстанымға сүйену-сүйенбеу журналистің және ол қызмет ететін медиа ұйымның журналистік этика мен стандарттарға қаншалықты беріктігіне байланысты.

Осы алты философиялық мектептің бірі екіншісінен артық немесе дұрыс деп кесіп айту қиын, кейді тіпті мүмкін де емес. Өйткені журналистикадағы этика барлық жағдайға еш ойланбастан қолдануға жарайтын немесе өзгертуге келмейтін тұрақты формуладан тұрмайды. Ол — бірінші кезекте журналистің және ол қызмет ететін ортаның адами құндылықтарға беріктігі мен кәсіби принциптерге адалдығына байланысты мәселе. Сондықтан суреттерді тұлғаны немесе оқиғаны жағымды немесе жағымсыз кейіпте көрсету үшін пайдалану, яғни фотоларды манипуляциялау, белгілі бір БАҚ-тарға немесе елдерге ғана тән феномен деп сипаттауға келмейді.

Суреттерді манипуляциялауға кейде әлемдік журналистикадағы эталон ретінде мойындалған The New York Times және The Los Angeles Times сияқты басылымдар журналистері де жол беріп жатады. Мәселен, 2003 жылы Los Angeles Times газетінің фототілшісі Брайан Уолскидің Басра қаласынан жолдаған фотосы үлкен дау туғызған болатын-ды (1 сурет). Оның фотосы Ұлыбритания әскерінің Ирактың Басра қаласы маңындағы әскери шабуылдардың бірі кезінде түсірілген. Сурет британ әскериінің бейбіт тұрғындарға қамқорлық танытып, қолына баласын ұстаған әкеге «Ирак әскерінің шабуылынан қорғаныңдар» деп тұрғандай әсер қалдырады.

Сол күні-ақ суретті Los Angeles Times газетімен бірге Chicago Tribune және Hartford Courant сияқты миллиондаған оқырманы бар басылымдар таратып жіберді. Ертесіне Hartford Courant қызметкері қолына баласын ұстаған әкенің бейнесінің өзгертілгенін байқайды (2 және 3 суреттің қосындысы). Бұл манипуляция мәлім болған соң Los Angeles Times Брайан Уолскиге хабарласып, ішкі зерттеу жүргізіп, суреттің өтірік екенін анықтайды. Газет басшылығы көп ойланып жатпай Уолскиді жұмыстан қуды, оқырманнан кешірім сұрап, ондай жағдайды қайталамауға уәде береді. Сол күннен бастап аты дүркіреп тұрған фототілші Брайан Уолскидің репутациясына өшпестей қара таңба түсті.

Брайан Уолскидің өзгерткен фотосы

1 сурет. Брайан Уолскидің өзгерткен фотосы (төмендегі екі суреттің қосындысы)

Дереккөз: http://www.alteredimagesbdc.org/walski

Брайан Уолскидің манипуляцияға қолданған шынайы екі суретінің бірі

2 сурет. Брайан Уолскидің манипуляцияға қолданған екі түпнұсқа суретінің бірі

Дереккөз: http://www.alteredimagesbdc.org/walski

Брайан Уолскидің манипуляцияға қолданған екі түпнұсқа суретінің бірі

3 сурет. Брайан Уолскидің манипуляцияға қолданған екі түпнұсқа суретінің бірі

Дереккөз: http://www.alteredimagesbdc.org/walski

Батыс медиасының қазақстандық БАҚ-тан айырмашылығы — кеткен қатені мойындап, оған жол берген журналисті жауапқа тартуы, алдыңғы материалды түзетіп, оқырманнан кешірім сұрауы. Расында да қазіргі кезде Қазақстан ақпарат құралдарының ондай жағдайда материалды сайттарынан үн-түнсіз алып тастаумен шектелетіні жасырын емес. Сондықтан әлі де болса отандық журналистер үшін жіберілген қате үшін кешірім сұрап, оқырманға және журналистикаға құрметпен қарауды үйрену керек.

Қазір қолында смартфоны бар кез келген адам фото немесе видео түсіріп, керек болса, оны телефонында өз қалауынша оп-оңай өңдеп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әп-сәтте тарата алады, яғни телефонында камерасы бар кез келген қолданушыны медиаконтент дайындаушы деуге болады. Кейде ол кісілерді азаматтық журналистика өкілдері деп те атайды. Бірақ олардың журналистерден айырмашылығы — этика мен журналистік стандарттарға бас қатырмайды және қоғам да олардан жауапкершілікті талап етпейді. Ал журналистік миссияны арқалаған кәсіби журналистердің міндеті — рас ақпаратты мәтін, фото немесе видео түрінде оқырманға жеткізу, cол себепті журналистер мәтінмен бірге фото немесе видео сияқты мультимедиа материалдарға да асқан мұқият болуы керек.