Басты бет Экономика Интернет қызметінің нарықтағы үлесі мен табысы артып келеді

Интернет қызметінің нарықтағы үлесі мен табысы артып келеді

2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның телекоммуникация нарығындағы табыс 383 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 6,7% ұлғайды. 2018 жылдың алғашқы жартысында көрсеткіш 358,8 миллиард теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6% көбейген еді. 

Иллюстрация: Dribbble.com ©Mᴧuco Sosᴧ

Нарыққа шолу жасаған Finprom.kz аналитиктерінің мәліметінше, бұл саладағы табыстың 58,6%-і Алматыға тиесілі, сома — 224,5 миллиард теңге. Бұдан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан (74,9 миллиард теңге) мен Қарағанды облысы (10,1 миллиард теңге) тұр.

Телекоммуникация нарығының негізгі драйвері — интернет қызметі. Биыл мұндай қызмет түрі нарықтың 35,8%-ін қамтып отыр. Былтыр салада интернет сервистерінің үлесі 33,4% болған. 2019 жылдың 6 айында интернет қызметінен түскен табыс 136,9 миллиард теңгеге жетті, бұл былтырғы бірінші жартыжылдыққа қарағанда 14,4% көп. Былтыр интернет қызметінен 119,7 миллиард теңге табыс түскен.

2019 жылдың алғашқы 6 айында телекоммуникация нарығында деректерді жіберу қызметінің табысы 23,1 миллиард теңге, жергілікті телефон байланысы қызметінің табысы 18,6 миллиард теңге болды.

Есесіне биыл ұялы байланыс қызметтерінің табысы 3,5% азайып отыр. Былтырғы 6 айда ұялы байланыс операторларының қызметінен 105,2 миллиард теңге табыс түссе, биылғы сома — 105,2 миллиард теңге. Ұялы байланыс сервистерінің нарықтағы үлесі 30,4%-тен 27,5%-ке азайған.

Finprom.kz мәліметінше, бұл нарықтағы бәсекелестік үлесі мынадай: «Қазақтелеком» қызмет көрсетудің 30%-ін, «Кселл» өнімдері 21%-ін, Tele2/Altel брендтері 15%-ін, Beeline бренді 12%-ін қамтып отыр. «Транстелекомға» нарықтың 6%-і тиесілі.

Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бақылауына Қазақстандағы 4 ұялы байланыс операторының үшеуі өтіп отыр. «Қазақтелекомның» жалғыз бәсекелесі әзірше — «Кар-Тел» ЖШС (Beeline).

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version