Шығысқазақстандықтар 800 тоннадан астам қоқыс жинады

Акцияға аймақтағы 33 мыңнан астам тұрғын жиналып, демалыс орындарының аумағын қоқыстан тазартты. Осылайша бірнеше сағаттың ішінде 800 тоннадан немесе 3 206 текше метрден астам қоқыс жиналып, өңірдегі саябақтар, өзен жағалаулары, қазаншұңқырлар, Полковничий мен Комсомол аралдары, Үлбі жағалауы қалпына келтірілді.

Біз бұл акцияға қатысқанымызға қуаныштымыз. Шығыс Қазақстан әрдайым әсем табиғатымен көз тартады. Сол себепті өңіріміздің одан сайын құлпырып, гүлденуіне үлес қосуымыз керек. Біз маңайды жинап жүрген кезде экологияға зиян келтіретін пластикті көп кездестірдік. Әркім соңынан қоқысты жинап жүрсе екен деген тілегіміз бар, — дейді Өскемен қаласының тұрғыны Малика Елубаева.

Акцияға қатысушыларға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев алғысын білдірді.

Қоршаған ортаны қорғауды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Бұл — келер ұрпақ алдындағы парызымыз. Осындай акцияны дәстүрге айналдыру үшін өзіміз жастарға үлгі көрсетуіміз керек, — деді ол.