Дереккөз деп журналисті қызықтырған тақырып аясында пікір бөлісе алатын адамды айтуға болады. Оған тақырып аясында бұрын-соңды жазылған академиялық, публицистикалық материалдарды да жатқызуға болады. Оны дұрыс және тиісті дәрежеде қолдана білу — үлкен өнер.
Журналист дереккөздермен жұмыс істеу барысында неғұрлым транспарент, яғни ашық болуы керек. Бұл — ең басты ереже. Кез келген оқиға жайлы пікір бере алатын адаммен байланыс орнату барысында журналист оның ақпарат көзі ретіндегі құндылығын бағалай білуі керек. Репортер пікір білдірушіге жарыққа шығатын мақаланың немесе репортаждың салдары қандай болуы мүмкін екенін және ол оқиғаның қаншалықты маңызды екендігі жайлы түсіндіруі қажет.
Ақпарат көзімен жұмыс істегенде жымысқы әрекеттерге, алдау-арбауға жүгіну — кәсіби журналист тарапынан жасалатын қате, кәсіби этиканы бұзу. Кәсіби этиканы сақтайтын журналист ақпарат көзімен жұмыс істемес бұрын ең алдымен өзіне мынадай сұрақтарды қоя білуі керек:
- Респондентке (ақпарат көзіне) жүгіну себебін және ниетім жайлы түсіндірдім бе?
- Респонденттің қауіпсіздігі мен оның беретін ақпаратының оған зиян келтірмейтіні жайлы айттым ба? (мысалы, ол жас болса немесе қауіпсіздігі жайлы алаңдаулы болса, ол жарияланғалы тұрған материалдың салдары жайлы түсінді ме?)
- Ақпарат беретін адам интервьюдің шарттарын түсінетініне сенімдімін бе? (Құпия түрде болатын болса, оның беретін ақпараты басылымға берілмейтіндігі жайлы немесе ақпарат көзінің аты берілмейтіндігін түсіне ме?)
- Егер де ақпарат беруші адам көп шарт қойса, мен жұмысты жалғастыруға қаншалықты дайынмын?
- Интервью жасауға байланысты кететін шығындарды өз мойыныма алуға дайынмын ба? Шығынның қай түрлерін өтеуге болады?
- Барлығын заң аясында жүзеге асыруға дайынмын ба?
Журналист үшін ең бастысы — ақпарат беруші адамның жеке басына қауіп төнбейтінін және оның қорғалатынын жеткізу. Дегенмен бұны айту оңай болғанымен, іс жүзінде көрсету қиын шаруа. Ақпарат көзімен, яғни респондентпен кәсіби деңгейден тыс қарым-қатынас орнату жұмыс істеу барысында журналистік этика мен стандарттары принциптеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан журналистер ақпарат көзімен кәсіби қарым-қатынас шеңберінде ғана байланыс орнатудың маңыздылығын қаперде ұстағаны абзал.
Контентті ақпарат көзімен келісу
«Жазылып болған материалды жарияламас бұрын оның соңғы нұсқасына келісім алу редакцияның ғана шешіміне байланысты» деген стереотип бар. Бірақ кей жағдайда ақпарат беруші респондент те мәтіннің мазмұнымен танысып шығуды қалайды. Әлемнің бірқатар озық елінде саясаткерлер мен қоғамда беделі бар адамдар жазылған материалдың соңғы нұсқасын «оқып шығамын» деген шартымен ғана интервьюлер береді. Мысалы, Германияда журналистер (ортақол болсын, беделді болсын) саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінен алған пікірден материалда қандай цитата қолданатынына дейін көрсетуі керек. Бірақ, журналистердің айтуынша, бұлар ондай қадамға мазмұнның дұрыстығын және фактілерді тексеру үшін ғана барады. Осындай жағдайда журналист өзіне мынадай маңызды үш сұрақты қоюы керек:
- Жарияламас бұрын ақпарат көзіне материалдың кей бөлігін немесе толықтай көрсетудің маңызы қаншалықты? Текстіде нақтылауды қажет ететін тұстар бар ма?
- Мақалаға немесе ондағы аты аталған адамдарға кері әсер ететіндей респондент тарапынан наразылық болуы мүмкін бе?
- Егер де респондент мақалада қандай да бір тұсты (мысалы, цитатаны) өзгерткісі келсе, мен бұған қалай қараймын?
Ақпаратты верификациялау
Қазіргі цифрлық уақытта әлеуметтік желіде жарияланатын ақпараттың да маңызы артып отыр. Бірақ онда жарияланатын ақпаратты верификациялау, яғни растығын тексеру де — журналистің кәсибілігін көрсететін индикатор. Интернетпен жұмыс істеу барысында осы қарапайым қағиданы орындамау — медиаэтикаға, БАҚ пен журналистің репутациясына нұқсан келтіретін қадам.
Мәселен, 2017 жылдың 31 наурызында батысқазақстандық «Ақ Жайық» басылымы «Әлем ғалымдары 200 жыл бойы шығара алмаған бұрыштың трисекциясына қатысты математикалық есепті қазақстандық Ақылбек Көпжасаров шығарды» деген жаңалық жариялады. Бұл Қазнет пен отандық БАҚ үшін «сенсация» атанып, жаңалықты 14 сайт таратқан. Олардың қатарында Forbes.kz және 365info.kz сияқты беделді сайттар да бар. Тіпті, «Ақылбек Көпжасаровтың жетістігі» жайлы Еуропа математика қоғамы өз сайтында жазды» деген ақпарат та болған. Шын мәнінде, аталған сайтта қазақстандықтың есімі мүлдем көрсетілмеген. Ол ақпардың шындыққа жанаспайтынын аталған қоғамның президенті Павел Экснер «ҚазАқпарат» агенттігінің сауалына берген жауабында да айтқан. Оған қоса, «Ақ Жайық» басылымы ол жаңалықтың 1 сәуірге арнап дайындалған қалжың екенін ресми мәлімдеді. Осылайша ақпараттың жалғандығына көзі жеткен қазақстандық бірнеше БАҚ бұл «сенсацияны» сайттарынан жаппай алып тастады. Десек те, кейбірінде жаңалық әлі күнге дейін сақталған. Осы қарапайым мысал журналистердің дереккөздермен жұмыс істеу машығы мен мәдениетінің төмен екенін көрсетеді.
Онлайн дереккөздер тарататын ұзынқұлақтың, жалған ақпараттың қармағына ілінбес үшін кез келген репортер мынадай этика нормаларын сақтауы тиіс:
- Сүйеніп тұрған материалыңыздың түпнұсқа екеніне көз жеткізіңіз;
- Дереккөз аккаунттың растығын, оның қаншалықты сенімді екенін тексеріңіз;
- Контент, ақпарат ұсынып тұрған дереккөзге ақпараттың растығын тексеру үшін бірнеше сұрақ қойыңыз;
- Ұсынылған ақпаратта басқа сайттарға, дереккөздерге сілтеме қаншалықты жасалғанын тексеріңіз;
- Сіз іздеген ақпаратқа ұқсас контентті басқа да әлеуметтік желі платформаларынан, өзге интернет қолданушыларынан да іздеп көріңіз;
- Сурет, аудио және видеоконтентті қолдану үшін рұқсат алыңыз.
Дереккөзбен жұмыс істеу білу — журналисттің кәсіби деңгейін көрсететін «өлшем» деуге әбден болады. Журналистикадағы этиканы сақтауда маманның кодекске сәйкес жұмыс істеп, кәсібиліктен аттап кетпеуі өте маңызды. Әлемнің бірқатар елінде, көршілес Ресейдің өзінде де медиа мамандарына арналған этикалық стандарттар, дереккөздермен жұмыс істеу бойынша гайдтар (нұсқаулықтар) бар. Сол тәжірибені қазақстандық журналистикаға да енгізсек, отандық медиа саласында жоғарыда аталғандай олқылықтардың алдын алып, мамандардың сауатын ашуға көмектесер едік.