Тарихта ірі көлемде жиналған қайырымдылық шараларының бірі — АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың сайлауалды науқанына америкалықтардың жинаған қаражаты. 2008 жылы Обама Президент сайлауына түскенде оның кампаниясына 750 миллион доллар жиналған. Төрт миллионға жуық азамат қайырымдылық жасаған, соның ішінде 80%-тен астамы 200 доллардан төмен сома жіберген.
Бірақ краудфандинг саяси қажеттілік үшін ғана жиналады деу — қате. Мысалы, медиаиндустрия краудфандингтің қажеттілігіне жиі жүгінетін институт. Бұл саладағы краудфандинг батыс қоғамында кең тараған, яғни, азаматтар сөз бостандығы мен сапалы контент үшін краудфандингтің қаншалықты маңызды екенін өте жақсы түсінеді. Оқырмандар өздері тұтынатын жаңалық үшін медиа ұйымдардың веб-сайтында қайырымдылық таныта алады. Белгілі британиялық The Guardian баспасы өз сайтында жариялайтын әрбір жаңалықтың немесе сараптамалық мақаланың астында өз оқырмандарына келесідей өтініш айтады:
«Көп оқырман бізді тәуелсіз позициямыз үшін, сапалы зерттеулер жазатынымыз үшін сыйлайды, оқиды. Басқа медиа ұйымдарына қарағанда, біздің журналистика баршаға қолжетімді. Осы жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет. Сапалы журналистиканы, ашықтықты, объективтікті қолдағыңыз келсе, бізге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Біз үшін сіздің әрбір фунтыңыз (1 фунт = 470 теңге) маңызды. Ақша аударымы бір минутыңызды ғана алады».
Медиадағы краудфандингте келесідей принциптердің сақталуы өте маңызды:
- жиналатын соманың қандай мақсатқа жұмсалатыны жайлы барынша ашық әрі толық ақпараттың болуы;
- қаражат жинау процесінің барынша ашықтығы;
- жиналатын соманың көлемі адамдар тарапынан наразылық тудырмауы;
- ақша жіберу механизмінің барынша жеңіл болуы;
- сенім;
- дедлайнның, яғни белгіленген мерзімнің болуы;
- дұрыс ойластырылған маркетинг стратегиясы;
- белсенділік.
Американың Pew Research Center зерттеу институтының мәліметіне сүйенсек, 2009-15 жылдар аралығында Kickstarter (түрлі мақсаттағы краудфандингке арналған ресурс) сайтында журналисттерге түрлі жобаны жүзеге асыруға 7 миллионға жуық доллар қаржы жиналған. Сайт 2009 жылы ашылған сәтте қаржылай көмекке мұқтаж медиа жобалардың саны небары 17 болса, келесі жылы, яғни 2010 жылы — 64-ке өсіп, 2014 жылы 173-ке жетті. Бұл тек АҚШ-тың өзінде. Бұл ел краудфандингті белсенді түрде тәжірибеге енгізген елдердің көш басында тұр. Егер де жоғарыда аталған сандарға Еуропа, Латын Америкасы, Австралия және өзге де елдерді қосатын болсақ, бұл көрсеткіштер тіпті жоғары болады.
Медиа ұйымдардан бөлек, жеке тұлғалар, яғни фриланс журналисттер де краудфандингтің пайдасын сезінуде. Kickstarter сайты арқылы жиналған қаражат көмегімен қылмыс мәселелерін зерттейтін журналист Скотт Томас Андерсон өзіне керекті соманы жинап, 16 ай бойы түрмелерде және құқық қорғау органдарында зерттеу жүргізді. Еңбегінің нәтижесі ретінде журналист түрме мәдениеті, адамдарды қылмыс жасауға итермелейтін факторлар жайында кітап жазып шығарды.
Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, журналистикадағы краудфандинг енді ғана пайда болып жатыр. Қазақстандағы батыстағыдай қайырылымдық жасау мәдениеті және оның қарапайым практикаға кеңінен енуі журналистер жасайтын көп пайдалы зерттеуге жұмсалар еді.
Краудфандинг институты Қазақстанда енді аяққа тұру кезеңін кешіп жатыр. Сәтті мысал ретінде әлеуметтік маңызы бар журналисттік зерттеуге Hola News сайтының редакциясы жинаған соманы келтіруге болады. 14 наурыз күні Start-time.kz краудфандинг сайтында Атырау су қоймаларында балықтардың жаппай қырылуы жөнінде зерттеуге ақша жинау акциясын бастады. Сапарға жұмсалатын «әрбір тиын» үшін есеп беруді уәде етті.
Қерек болған 380 мың теңге жарты сағат ішінде жиналды. Мақаладан кейін жалпы 416 500 теңге жиналған. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, өлі балықтардың ағзасынан улы аммиак табылған, яғни балықтардың жаппай қырылуының басты себебі — химиялық улану. Журналистердің сөзіне сенсек, өзенді ластап, балықтардың улануына себепші болған өндіріс орындарының қатарында «Атырау су арнасы», «Орал-Атырау бекіре балығын өндіру зауыты», Атырау ЖЭС болуы мүмкін. Ең бастысы, зерттеуден кейін жергілікті билік тарапынан жылдам реакция пайда болды. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылды. Апат орнына барып келген зерттеуші журналистер мен редактор кеткен шығын бойынша Facebbok желісінде есеп берді.
Тағы бір мысал — Vlast.kz сайты биыл маусымда Семей ядролық полигонының өткені мен қазіргісі жайында арнайы жоба бастап жатқаны жайлы айтты. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін сайт басшылығы Start-time.kz краудфандинг сайтында қол үшін созуды сұрады. Қазіргі күнге дейін жалпы көлемі 2 миллион 345 мың теңге жиналған.
Қорытындылай келе, краудфандинг — әлеуметтік маңызы бар кез келген бастамаға қаржылай демеу беретін таптырмас инструмент. Жыл сайынғы оған деген қажеттіліктің өсуі де халықтың қайырымдылық істеуге дайын екендігін көрсетеді. Бастысы, алаяқтардың жымысқы әрекеттерінен абай болу адамдардың қырағылығына байланысты. Сол үшін жоғарыда аталған краудфандинг принциптеріне мән беру маңызды. Қазақстандағы Hola News пен Vlast.kz ұйымдарының сәтті кейстерін жақсылыққа жоруға болады.