Басты бетЖаңалықтарӨлім машинасы...

Өлім машинасы — «Дуэлянт»

Экранға шығу уақыты29 қыркүйек

Жанры: Драма

РежиссеріАлексей Юрьевич Мизгирёв

ПродюсеріАлександр Ефимович Роднянский

РөлдердеПётр Фёдоров, Владимир Машков, Юлия Хлынина, Франциска Петри, Мартин Вуттке

Жас шектемесі  «16+»

Ұзақтығы: 110 минут

ДистрибьюторColumbia Pictures

Дуэлянт фильм

1860 жыл. Санкт-Петербург. Отставкадағы капитан Яковлев (Петр Федоров) тапсырыс бойынша ауқатты дворяндарды дуэлге шақырып, олардың көзін жою арқылы ақша табады. Қаржылай қиындақта жүрген, әскери шенінен әрі дворяндық дәрежесінен айрылған Яковлев фильм соңына дейін дуэлді ұнатпайтындығын жиі қайталайды. Тапсырманы өзінің бұрынғы жауы, граф Беклемишев беретіндігін білген дуэлянт оның қол астында жұмыс істеуді доғарып, графтың жоспарларын бұзуға көшеді.

Дуэлянт фильм

Мол қаражатты (725 000 000 рубль) қажет еткен туынды Гай Ричидің «Шерлок Холмс» фильмі тәрізді  батыс блокбастерлерінің стилінде түсірілген. Фильм әрдайым толассыз жауатын жауын, сүреңсіз айнала, тым бай мен сіңірі шыққан кедейлердің әлеуметтік теңсіздігін салыстыра отыра, тіршіліктің қызуын, адамдардың өмірге деген құштарлығын суреттейді.

Фильмдегі ерекшеліктер

Фильм басында «Дуэлянт» шынайы оқиғаға негізделмеген туынды екендігін растайтын кадр жіберіледі. Кадрда көрсетілетін «Ресей империясының Дуэль туралы кодексі» 19-ғасырда  мүлде болмаған (дуэлге тыйым салынған, дуэлдегі бақылау заңсыз жүргізілген). Сонымен қатар бұл кодекс Ресейдегі шынайы дуэль ережелерімен сәйкеспейді. Егер «Дуэлянтта» кез келген адам жәбірленушінің дәрежесінің сай әрі тең болмауына байланысты өзгенің орнына шыға алса, нағыз Ресейде өзгенің абыройын тек туыстары ғана қорғай алған. Логикаға салсақ та, абырой тек бір адамның емес, отбасылық мәселе екендігі анық. Алайда шынайы өмір мен фильмді салыстырудың маңызы аз. Себебі фильм тарихи оқиғаны емес, тұлғаның ерекшелігін сипаттауды мақсат етеді.

Дуэлянт фильм

Өлім машинансы атанған Яковлевтің езу тартқанын фильмде кездестіру қиын. Есесіне Беклемишевтің жымысқы күлкісін жиі ұшырастыруға болады. Драмадағы юмор күрең атмосфераға жылу кіргізеді. Басты қаһарманның өзін «қаһарман» санамауы фильмге ерекшелік береді. Қарсыласын жайратуда оғы мүлт кетпейтін, өзіне оқ дарымайтын Яковлевтің бар қасиетін мистикамен байланыстыруға болады. Граф Беклемишевтің аяусыздығымен қуғынға ұшыраған Яковлев мың дүре алып, алеуеттер тайпасының арасына жөнелтіледі. Өлім аузындағы Яковлевті шаман әйелдің «Қан сенен қорқатын болады» деген сөзі дуэлде тек жеңіске жететіндігін ақтап алады. Дегенмен кейіпкердің бойында қорқынышы емес, өзін-өзі жазғыруы басым. Ал оның себебін сіздерге құпия ретінде қалдыруды шештік.

Дуэлянт фильм

«Дуэлянт» дизайн аспектілерімен, актерлардың харизмасымен ерекше. Князь қызы мен дәрежесінен айрылған дворянның махаббаты драмаға бояу сыйлайды. Ал сіз фильмнен «өлмек пе, қалмақ па?» дейтін теке-тіресте револьвердегі оқтың емес, психологиялық қысым күшімен жеңуге болатындығын түсінесіз.