ЖЭО-3 құрылыс алаңында Үкімет басшысына нысан құрылысының бірінші кезеңі — қуаты 480 Гкал/сағат болатын су жылытатын қазандық салу екені айтылды.
Теміржол және автокөлік жолдары, әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараттары салынды. Негізгі жабдық автоматтандырылып, электр бөлігі құрастырылып жатыр. Нысан 70% дайын.
ЖЭО-3 құрылысы таяу жылдары астананың батыс бөлігінде артып отырған жылуға деген сұранысты өтеуге мүмкіндік береді, сонымен қатар Нұр-Сұлтандағы отын-энергетика кешенінің жылу көзін айтарлықтай ұлғайтады.
Асқар Мамин әрекет етіп тұрған бірінші және екінші жылу электр орталықтарының энергия көздерін жаңғырту мен газдандыру жұмысымен және энергия кешенінің алдағы жылыту маусымына дайындығымен де танысты.
Үкімет басшысы Нұр-Сұлтанның отын-энергетика кешені нысандарын салу мен жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берді.