ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары Алматыда, Шымкентте және Қызылордада атыс қаруын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтар әрекетіне тосқауыл қойды.
Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында 8 «Калашников» автоматын және 2 тапанша сату фактісі құжаттандырылды. Қару-жарақ заңда белгіленген тәртіппен тәркіленді, — деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Алматы мен Шымкентте қылмыстық топ мүшелерін ұстау операциясы 2019 жылғы 18-19 шілде күндері жүргізілген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ұсталғандардың арасында деструктив діни ағымды ұстанушылар мен «ұрылар қауымдастығы» өкілдерімен тұрақты байланыстағы адамдар бар.
Тінту іс-шаралары барысында фигуранттардың бірінің тұрғылықты мекенжайынан қолдан құрастыруға және қаруды қайта жасауға арналған станок пен құрал-сайман табылды, — деп хабарлады ҰҚК мамандары.
ҚР ҰҚК республика аумағына қару әкелетін кезекті ірі арна жойылды деп есептейді. Қазір мамандар осы қылмыстық топтың бұрын сатқан қару-жарағы мен оқ-дәрісін заңсыз айналымнан шығаруды қолға алды.