ШҚО басшылығы жол жөндеушілердің еңбек дауын шешті

Жұмыс тобының құрамында прокуратура, ішкі істер, еңбек инспекциясы, көлік және автокөлік жолдары, тауар және қызмет қауіпсіздігі сапасын бақылау органдарының өкілдері мен «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшылары бар.

Бұған дейін жұмысшылар еңбек және тұрмыс шарттарын жақсартуды, жалақы мөлшерін көтеруді талап еткен. Кездесу барысында облыс басшылығы мен «Синьсин» компаниясының бас директоры арасында ортақ келісім хаттамасына қол қойылды:

  1. Барлық еңбек келісімі ҚР заңнамасы бойынша ретке келтіріліп, жұмысшыларға 3 күн мерзімінде түсіндіріледі;
  2. Егер жұмысшылар түнгі уақытта, демалыс күндері, белгіленген уақыттан тыс еңбек етсе, жалақы мөлшері 1,5 есе көлемінде төленеді;
  3. 10 күн мерзімінде барлық тұрғылықты жерде салқындатқыштар орнатылып, ҚР заңнамасына сәйкес ретке келтіріледі;
  4. Жұмысшыларға 10 күн мерзімінде арнайы жұмыс киімі беріледі;
  5. Жұмысшылардың тұратын жерлерінде күніне үш рет тамақ беріледі;
  6. Жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшері 80 000-нан 120 000 теңгеге көтеріледі.

Жалпы жұмысшылардың жалақысы атқарған жұмысы бойынша 120 000 теңгеден 360 000 теңгеге дейін болады.

Жағдай қалыпқа келтірілді, мекеме кестеге сай жұмыс істеп тұр. Сағат 14.00-ге қарай барлық жұмысшы міндеттерін атқаруға кірісті. Жұмысшылар облыс басшылығына мәселені тездетіп шешіп, көмек бергені үшін ризашылық білдірді, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына, «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы мен өзге жауапты құзырлы органдар алдына Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес еңбек келісімдерін тексеру жүргізу міндеті қойылды. Олар жол салу мен жөндеуге жұмылдырылған шетел компанияларындағы Қазақстан жұмысшыларының жалақысы мен еңбек жағдайын бақылауы керек.