Көрмеге 40-қа жуық домбыра қойылған. Олардың ішінде өңірден шыққан елімізге танымал ұлт қайраткерлері Жәнібек Кәрменов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбанов сияқты тұлғалармен қатар, өнер саласының майталмандары мен айтыскер ақындардың домбыралары да бар. Мақсаты — халқымыздың ұлттық мұрасын насихаттап, ұрпаққа үлгі ету.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Домбыра үнін қырда өскен, мұрнында жусан иісі қалған қазақ қана түсінеді. Себебі — бұл ерекше музыка», — деп қасиетті аспапқа лайық баға берген. 2018 жылдың 13 маусымынан бастап шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді.
Мемлекеттің келешегі бүгінгі ұрпақ екенін ескерсек, жас буынның ұлттық аспапты қадірлеуге, рухани құндылыққа терең бойлауына бұл шараның берері көп. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шарада домбыраның үнімен бірге, құрылымы туралы да мол ақпарат берілді. Өшкенімізді жаңғыртып, өткенімізді жақындатқан бұл көрме бір жарым ай көлемінде өтетін болады. Халықтың келіп, рухани азықпен сусындауына есігіміз әрдайым ашық,- деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай.