Қазіргі исламдық ағымдардың діни идеологиясының ерекшеліктері

Әбу Ханифа өзі өмір сүрген дәуірдің өзінде пайда болған әр түрлі діни ағым өкілдерімен пікірталасқа түсіп, негізгі «әһли сунна» ілімінің негізгі мәселелерін Аллаһтың, Құранның сипаттарын, тағдыр, күнә, ақирет жағдайларын анықтап берген.

  • Аллаһ бір, бастауы мен соңы жоқ. Тумаған, уақыт, кеңістік өлшем секілді заттық ерекшеліктерден жоғары. Бүкіл болмыс Аллаһ тарапынан жоқтан бар етілген. Әрбір адам әлемдегі тәртіпке қарап отырып, Аллаһтың барлығын пайымдай алады. Сондықтан әрбір саналы адам Аллаһқа сенумен міндеттелген.
  • Құран Аллаһтың сөзі, адамзатты тура жол мен ақиқатқа жетелейді.
  • Тағдыр ақиқат, алайда адам баласының өз еркі мен бостандығы бар.
  • Жақсылық жасағанға сыйлық, жамандық жасағанға жаза беріледі. Алайда Аллаһ қаласа, өзіне сенген адамның күнәсін кешіреді.
  • Амал иманның бір бөлігі емес. Сене тұрып, амал жасамаған немесе күнә істеген адам діннен шықпайды.
  • Ақирет адамның о дүниедегі мәңгі жасайтын өмірі. Адам баласы ішіп-жегені, бүкіл жиған тергені үшін есеп береді.

Осы біздің ұлттың дүниетанымымызды, тұрмыстық ерекшеліктерімізді ескеретін Әбу Ханифа мәзхабын ұстанған қазақ халқы өз тарихында дінге қатысты бөлінуді көрген жоқ. Өкінішке орай елімізде соңғы жылдары мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарып, көп конфессиялы, көп ұлтты халқымыздың арасында қайшы пікірлер қалыптастыруды мақсат ететін түрлі ағымдардың белсенді әрекет етуде.

Бұл ағымдардың қауіпті болуының себебі жалпы ілімдерін исламның негізі Құранға сүйеніп таратуларында. Құранның мәтіндеріне әркім өздерінше түсінік беріп, дінді ашық бұрмалайды. ЖоғарыдаB келтірілген Әбу Ханифа мәзхабының ілімін және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметін сынаумен айналысады.

Тәкфир және Һижрат жамағаты, Таблиғи жамағат, Хизбут-Тахрир, сәләфизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда жастардың арасында белең алуы байқалады.

Такфиршілер өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кәпір санайды. Исламның бес парызын толық ұстанбаған адам, Аллаһқа иман келтірсе де кәпір болады. Үлкен күнә істеген немесе күнәға батқан адамдарды кәпір, яғни ислам дінінен шықты деп айыптайды. Күнәхарлардың тәубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Ислам шариғатымен үкім шығармайтын басшылар және сол үкімді разылықпен қабылдайтын халық кәпір болып саналады.

Тәкфир жамағаты принциптерінің екінші негізгі құрамы – һижрат. Һижраттың сөздік мағынасы тәрк ету, көшу, қоныс аудару. Олар исламды толық ұстанбайтын надан елден, қоғамнан өзін алып қашуды, олармен барлық қарым-қатынасты үзуді уағыздайды.

Таблиғи жамағат дағуатшылар деген атпен де жақсы белгілі. Ұйымды басқаратын Әмірдің сөзі бұлжытпай орындалады. Исламды тарату мақсатында 5-тен жоғары адамнан тұратын шағын топтар үш күннен бірнеше айға дейін сапарға («харудж») шығады. Қызығушылық танытқан жергілікті мұсылмандарды апталық семинарларға шақырып, жеткілікті дайындықтан өткен соң олардың өзін «харудж» жасауға жібереді.

3 және 40 күндік сапарлар Таблиғи жамағат идеологиясының ел арасында кең таралуына мүмкіндік береді. Осындай жүйелі әрекет арқылы Таблиғи жамағаты елдегі діни-саяси ахуал, стратегиялық маңызды нысандар (әскери базалар, гидроқондырғылар т.б.) туралы ақпарат жинаған, бұл болашақта жасалар терактілер үшін қажет болады.

Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық мемлекет «халифатты» құруды мақсат етеді. Хизбут-Тахрир ұйымының ұйымдасу іс-әрекеттері әртүрлі кезеңдер мен сатылардан тұрды. Ұйымның белсенді бірнеше мүшесі «хужраны» құрап, бірнеше «хужралар» «халқаны» құрайды. Халқалар халықпен тығыз жұмыс жасап, нәтижесінде мемлекеттік төңкеріс тудыру арқылы халифат құру болды.

Салафи-уаххабилік қозғалыстың тарихы мен дүниетанымдық негізінен жасалған шолудан шығатын қорытынды – исламның заман ағымына бейімделуін, жергілікті әдет-ғұрыптарды ескеруін бұл ағым «жаңашылдық» деп біліп, соған қарсы күресуде.

90-шы жылдары салафилер қозғалысынан жихадшылар бағыты бөлініп шықты, олар «сенім үшін күрес» (жихад) және «мұсылман жерлерін қорғау» қажеттілігі туралы уаххабистік ілімді дамытты. Бұл топ өздерінен басқа мұсылмандық бағыттар мен мазхабтардың барлығына қарсы жаппай соғысу қажет, себебі олардың барлығы адасқан, кәпір бидғатшылар деп жариялады. Сонымен қоса дәстүрлі ханафи мазхабын ұстанатын Қазақстан мұсылмандарын адасушылар деп айыптайды. Осының салдарынан қазіргі таңда елдегі мешіттерде және басқа да діни орталарда сәләфизммен санасы уланған азаматтардың тарапынан бүліктер туындап жатқаны мәлім.

Айтылған мәселелерді қорытындылай келе еліміздегі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабының іліміне қайшы келетін идеологияны тарататын исламдық ағымдардың мақсаты бір деген түйін жасауға болады. Ол еліміздің ұлттық және діни бірлігін лаңкестік әрекеттермен жою арқылы еліміздің саяси тұрақтылығына қауіп төндіреді.