Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2019 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілері 334,4 миллион литр минералды және газдалған суды нарыққа шығарды. Бұл былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 17,5% көп. Сонымен бірге биыл жалпы көлемі 774,6 миллион литр болатын басқа да алкогольсіз сусын өндірілген, бұл былтырғы көрсеткіштен 26,9% көп.
2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында отандық өндірушілер ішкі нарықтың алкогольсіз сусындар мен ауызсу бойынша сұранысын 92,4% қанағаттандырды. Импорттың үлесі — 7,6%. Дегенмен сырттан келетін сусындардың көлемі бір жылда 13,7% артқан. Қазақстанның сусын өндірушілері ресурстарының 4,6%-ін ғана экспорттапты.
Биылғы аптап жаздың ортасына қарай бөтелкедегі ауызсудың 1 литрінің дүкендер мен базарлардағы бағасы 88,5 теңге болды, баға бір жылда 12,1% жоғарылап отыр.
Ауызсудың бөлшек саудадағы бағасы еліміздің үш қаласында жоғары: Нұр-Сұлтанда литрі 99 теңге (бір жылда 25,3% қымбаттаған), Алматыда 97 теңге (10,2% қымбаттаған), Көкшетауда 96 теңге (20% қымбаттаған).
Айта кетейік, Қазақстанның алкогольсіз сусын өндіретін ірі кәсіпорындарының қатарында Түркістан облысындағы «Визит», «Рауан», «Юникс», Алматы облысындағы Galanz Bottlers, RG Brands Kazakhstan, Алматыдағы Raimbek Bottlers, «Рикс Лтд» серіктестері бар. Ал минералды су өндіретін Asia Waters компаниясы («Көкшетау минералды сулары» АҚ) сапа жөнінен Monde Selection марапатына ие болды. Monde Selection — бүкіл әлем бойынша дәм мен сапаны бағалайтын тәуелсіз институт.
(Иллюстрация: Dribbble.com ©Igor Varenov)