Өскеменде ауыл әйелдері форумында еңбек ардагерлері бас қосты

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова еңбек ардагері атанған әйелдерге туған өлкесінің дауына қосқан үлесі мен жұмыстағы жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, облыс әкімінің атынан арнайы грамоталар мен сыйақы табыстады.

Әрбір әйелдің өзіндік жетістігі мен кәсіби шежіресі бар. Солардың бірі — 77 жастағы катонқарағайлық Сәбилә Құрманова. Ол күйеуі екеуі осы күнге дейін қой бағып келеді.  «Алтын алқа» иегері 8 бала, 16 немере, 12 шөбере тәрбиелеп отыр.

Ал Оразхан Манабаева 72 жаста. Көпбалалы ана бес бала, 16 немере және 4 шөбере өсіріп отыр. 35 жылдан бері автокөлік айдайды. Бүгінде Аягөзде таксист қызметін атқарып жүр. Ауылдықтар Оразхан апаның қызметіне риза.

Ерлік пен күш-жігердің айқын дәлелі деп бір ұлдан төрт немере бағып отырған Зүлфия Ерқасымованы да айтуға болады. Ол тракторшы-комбайншы болып жұмыс істеп жүріп екі аяғынан айырылған. Рухы биік әйел бүгінде протезбен Катонқарағай ауданында асхана меңгерушісі болып қызмет атқарып, ауылының қоғамдық өміріне белсене араласып жүр.

Сақан Әубәкірова — үш бала, сегіз немере және шөбере тәрбиелеп отырған ана. 2011 жылдан бері «Бірлік ауылының үкіметтік емес ұйымдарына арналған ресурс орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі. Бір өзі әрі сауыншы, әрі қосалқы станцияларға қызмет көрсететін 4-санатты электр жөндеуші, әрі мал шаруашылығы бригадирі болды. 1997 жылдан бері «Сенім» шаруа қожалығын да басқарады. «Қазақстан мұрасын сақтайық» жобасына жетекшілік те етті.

Лидия Михейлис 70 жаста, төрт бала, сегіз немере, үш шөбере тәрбиелеп отыр. Бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен құс фабрикасының бригадирі, Ұлан ауданы әкімдігінде бөлім басшысы болып жұмыс істеді.

Шығыс Қазақстан облысында «Табыс шеруі» рәсімі республикада өтіп жатқан осы іспеттес форумдардың ерекше белгісі болды. Ауыл әйелдерін өздері сияқты жандардың табысқа жету үлгілері ғана жігерлендіреді, — деді «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясының» басқарма басшысы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға көшу кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова.

Сонымен қатар марапатқа қоғам белсенділері: Шемонаиха ауданы Выдриха ауылдық округінің әкімі Любовь Ступенько, NietWOMEN ҚҰ Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі Эльвира Аллахвердиева, Көкпекті ауданының жеке кәсіпкері Жанна Жабекова, Өскемен жастар мәслихатының депутаты, суретші Ольга Чавкина, «Көкпекті жолдары» ЖШС директоры Гүлназ Нұрғалиева және Алтай ауданындағы «Қарлығаш» қайырымдылық үйінің меңгерушісі Ирина Зайцева да ие болды.

Форум аясында «Соca-Cola белестері» диалог алаңы, «Оратор шеберлігі, бұқарамен жұмыс» атты авторлық трениг өтті.