Басты бетЖаңалықтарПрезидент азаматтардың...

Президент азаматтардың кредиті бұдан соң кешірілмейтінін айтты

Кеңейтілген отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевтан азаматтардың айыппұлдары мен қарыздарын есептен шығару жұмысы қалай іске асырылатынын сұрады.

Ұлттық банк төрағасының түсіндіруінше, бұл жұмыс екі негізгі блок бойынша жүргізіледі: біріншісі — Ұлттық банктің қолдау аймағына енген топты тексеру, екіншісі — Ұлттық банк, екінші дәрежелі банк және басқа да қаржы ұйымы арасында келісімге қол қою.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге деректер базасын тексеру жөніндегі жұмыс осы аптада аяқталады. Келесі аптадан бастап шілденің аяғына дейін екінші дәрежелі банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры арасында алдын ала келісімге қол қояды. Біз 1 қыркүйекке дейін банктер тарапына қажет төлемдер төленіп бітеді деп есептейміз. Мемлекеттік кредит бюросы 300 мың теңгеге дейінгі қаражатты есептен шығару бойынша қолдау тізіміне енген азаматтардың мәліметін растауы керек. Айыппұлдар мен өсімпұлдарға байланысты мәселелерді, осы жұмысты 1 тамызға дейін аяқтаймыз, — Ерболат Досаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Президент аппаратына бұл жұмысты тұрақты бақылауға алуды тапсырды.

Бұл — біржолғы, бірреттік акция. Бұдан соң біз мұндай шаралармен әуестене алмаймыз, құқымыз жоқ. Бірақ халыққа жария еткен шараны мерзімінде әрі сапалы орындау керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.