ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қазақстан азаматтарына үндеу жасады.
Құрметті отандастар! Осы жылдың 28 маусымында прокуратура органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бейбіт митингілер мен жиналыстар өткізудің тәртібі мен шарттары туралы заңға түсініктеме берді. Мемлекет мұндай жария іс-шараларды өткізуге конституциялық құқықты іске асыруды «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң шеңберінде қамтамасыз етеді, — деп жазылған үндеуде.
Бас прокурордың орынбасары әлеуметтік желілерде әлдекімдер осы заң талаптарын бұзып, 2019 жылғы 6 шілдеде санкцияланбаған митингтерді ұйымдастыруға және оған қатысуға арандатушылық шақыру таратып жатқанын айтты.
Жүргізіліп жатқан үгіт — жекелеген адамдардың жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға және елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кезекті талпынысы. Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкес мұндай іс-әрекеттерге тыйым салынады және оларға жауапкершілік қарастырады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары аталған заңсыз іс-әрекеттердің жолын кеседі. Рұқсат етілмеген жария акцияларды ұйымдастыруға және өткізуге шақыру, не оларға қатысу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу), — дейді Болат Дембаев.
Болат Дембаевтың айтуынша, бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылады (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу, егер олар елеулі зиян келтірсе).
Баяндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура азаматтарды заңды сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады, — делінген Бас прокурор орынбасарының үндеуінде.