Басты бетЖаңалықтарАрыс тұрғындары...

Арыс тұрғындары салықтан уақытша босатылады

Арыстағы салық төлеушілерге жылдың соңына дейін салықты мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет Арыс салық төлеушілеріне салық демалысын ұсынады. Салық бойынша қарызы бар салық төлеушілерге шегерім мен бөліп төлеуге рұқсат беру қысқа мерзімде әрі жеңілдетілген тәртіппен жүргізіледі.

ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне сай салық пен төлем сомасы біржолғы төлеммен алты айдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылады және оны тең үлеспен ай сайын немесе тоқсан сайын үш жылдан аспайтын мерзімде бөліп төлеуге болады.

Салық төлеу мерзімін шегеру мен салықты бөліп төлеу салық төлеушінің өтініші бойынша оның немесе үшінші тұлғаның немесе банктің кепілдігімен іске асырылады. Шегеру мен бөліп төлеу жеңілдігі жасалған салық төлеушілер өсімпұлдан босатылады.

Арыс салық төлеушілеріне мынадай мүмкіндіктер де жасалады:

  • жеке кәсіпкерлердің белгілі бір санатына кәсіпкерлік қызметті жеңілдетілген тәртіппен тоқтату;
  • қосылған құн салығы жөніндегі тіркеу есебіне электрон түрде тұруға салық өтінішін беру құқығы;
  • салық есебін тапсыруды 1 ай мерзімге дейін ұзарту құқығы;
  • салық есебін тапсыруды тоқтату.

Мұндай салық төлеушілерге салық әкімшілендіру шаралары қолданылмайды, салық қарызын өтеу туралы хабарламалар жіберілмейді, олардың банк есепшоттары бойынша, салық төлеуші кассасы бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, салық төлеуші мүлкіне шектеу қойылмайды, салық қарызын мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды.

Бұған қоса, Мемлекеттік кірістер комитеті Арыста барлық жылжымалы салық тексерісін тоқтатып, басқа да салық бақылауына шектеу қояды.

Айта кетейік, Арыста 792 заңды тұлға, 3 085 жеке кәсіпкер, 65 465 жеке салық төлеуші тіркелген.