Басты бетҚоғамАктер Әшірәлі...

Актер Әшірәлі Кенжеевтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Шараға белгілі әртістің көзін көрген туыстары мен сахнада бірге өнер көрсеткен әртіптестері қатысты. Зиялы қауым Әшірәлі Кенжеевтің қазақ мәдениеті мен тарихында алар рөлі жайында айтып, есімін мәңгі есте қалдыру үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқарылу керектігіне тоқталды.

Мен оны Өнер Академиясына оқуға келген қаршадай кезінен білетінмін. Театрға келді, бір сахнада ойнадық. Өмірде ол іні, мен аға болдым. Үкімет «Халық Әртісі» атағын бекер бермейді ғой. Жас кезінде Қозы Көрпештен бастап, бертінде Абай рөлдерін жақсы ойнайтын, – деді КСРО Халық әртісі  Асанәлі Әшімов.

1967 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында жұмыс атқарған Әшірәлі Кенжеевтің дүниеден озғанына биыл 18 жыл толды. Қысқа ғұмырында ол түрлі жанрдағы 100-ге тарта рөлді шеберлікпен сомдады. Ә. Кенжеевтың орындауындағы әсіресе Қозы Көрпеш, Абай және Шоқан Уәлиханов образдары бір төбе еді дейді актердің көзін көргендер.

Қатты қуанып отырмын. Өйткені үйдің сыртына ескерткіш тақта орнату деген үлкен мәселе ғой.  Маңайдан өткен-кеткеннің барлығы көреді. Біз Әшірәлі екеуіміз қатар жүргенде, бұрылып қарамайтын адам болмайтын. Ол өмірде сондай бет біткеннің ажарлысы еді, жалпы өмірімде ең бақытты кезім болса, ол — Әшірәлімен өткізген күндерім, — деді ҚР Халық әртісі, марқұмның жары Торғын Тасыбекова.