Ол өлеңді жаттап, мәнерлеп оқумен шектелмейді, өзі де поэзиямен әуестенеді. Мақала, эссе жазады. Мектебінде өтетін түрлі шараны ұйымдастырып, жүргізеді. Өркенмен және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстазы әрі сынып жетекшісі Сафура Темірбаевамен кездесіп, әңгімелескен едік.

— Өркен, Мұқағалидың мұнша өлеңін жаттауға не себеп болды?

Кішкентайымнан өлең жазуға, жаттауға құлшынысым жоғары болды. «Мұқағали оқулары» ынтамды одан ары арттырды. Байқаудың барлық кезеңінен өтіп, республикалық жарысқа қатыстым. Ақынның туған жері — Қарасазда болдым.

— Байқауға қалай дайындалдың? Сенен де көп өлең жаттаған балалар болды ма?

— Мектебімде Мұқағали музейі бар. Байқауға осы музейде отырып дайындалдым. Онда ақынның кітаптары, суреттері мен қанатты сөздері бар. Оның барлығы маған ерекше әсер етті. Шабыт сыйлады.

Биыл байқау жеті номинация бойынша өтті. Оның ішінде ақынның өлеңдерін, поэмаларын жаттау, өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беру, өлеңдерінің идеясын түсіндіріп, талдау, ғылыми жоба ұсыну сияқты бөлімдері бар. Мен байқауға барлық номинация бойынша қатыстым. Әр кезеңге ерекше ықыласпен, тиянақты дайындалдым.

Өркен Өсербай
Өркен Өсербай. Фото жеке архивінен

Байқауға қатысқан басқа балалар ақынның 20-30, ары кетсе 50 өлеңін жаттап келіпті. Бірақ қазылар алқасы қатысушылардың жаттаған өлеңнің санына ғана мән берген жоқ. Мәнерлеп оқуы мен оны өзгелерге жеткізуіне де көңіл бөлді. Өзіме сенімді болу үшін Мұқағалидың үш поэмасы мен 170 өлеңін жаттадым. Шығарманың кез келген жерін оқығанда ары қарай жалғастырып кеттім. Байқауда мектебімдегі Мұқағали музейін кеңейту туралы ұсынысты да айттым. Оның макетін технология пәнінен сабақ беретін ұстазыммен бірлесіп істеп, музейдің даму жоспарын да жазып шықтым. Байқаудың қорытындысы бойынша екі бірдей жүлдені жеңіп алдым.

— Өлеңді қалай тез жаттауға болады? Ешкім білмейтін тәсілің бар ма?

— Өлеңді тез жаттау адамның есте сақтау қабілетіне байланысты. Мұнда ешқандай сыр немесе әдіс-тәсіл жоқ. Адам өзі оқып отырған шығарманың мағынасын түсініп, онда не айтылғанына мән берсе, оны оңай жаттап алады. Өзім өлең жаттағанда ең алдымен оны дауыстап бір рет оқып шығамын. Сосын автордың не айтпақ болғанын түсінуге тырысамын. Тағы бірнеше рет қайталап оқимын. Осылайша бес-алты шумақ өлеңді жаттау үшін 10-15 минут уақытым кетеді.

— Өлеңді жаттаған соң оны ұмытып қалмау да маңызды ғой. Өзің жаттағаныңды ұмытпау үшін не істейсің?

— Байқауға қатысу үшін ғана өлең жаттасаңыз, оны тез ұмытып кетуіңіз мүмкін. Мен өлең жаттауға жұмыс деп қарамаймын. Өлеңді ұмытып қалмау үшін оны шын махаббатпен жаттау керек деп ойлаймын. Үнемі қайталап, оқып тұру да маңызды. Бос уақытымда жаттаған өлеңдерімді ылғи қайталап оқып жүремін.

Өркен Өсербай
Өркен Өсербай. Фото жеке архивінен

— Мұқағалидың қай шығармасын жаттау қиынға соқты?

— Көбі поэманы жаттау қиын деп ойлайды. Бірақ өзіме өлеңнен гөрі поэма жаттау оңайырақ. Неге десеңіз, онда сюжет бар. Жаттағанда немесе оқып отырғанда ақынның суреттеген нәрсесі көз алдыңызға елестейді. Оның үстіне поэмада қолданылатын сөздер өлеңге қарағанда әлдеқайда жеңіл.

Поэзия тілі — өте бай. Көбіне ақындар жұрт біле бермейтін сөздерді қолданады. Ал өлең оқу, жаттау адамның сөздік қорын байытады. Соның арқасында кез келген ортада ойды қысылмай, анық жеткізуге болады. Оған қоса өлең жаттау адамның есте сақтау қабілетін де жақсартады. Осының арқасында 11-сыныптағы ҰБТ сынағынан қиналмаймын деп ойлаймын.

— Өлең жаттап, оны мәнерлеп оқып қана қоймай, өлең де жазады екенсің. Ең алғаш жазған өлеңің есіңде ме? Көбіне қандай тақырыпта жазасың?

— Алғаш өлеңді 2-сыныпта оқып жүргенде Дінмұхамед Қонаевқа арнап жаздым. Тырнақалды туындым «Думан қарлығаштары» деген кітапта басылып шықты. Ол кезде өлеңнің құрылысы, ұйқас, оның түрлері, буын мен бунақ туралы ештеңе білмеймін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін ұстазым Сафура Темірбаева осының барлығын түсіндіріп берді. Биыл «Шабытты шақ» деген атаумен өлеңдерім жарық көрді. Жақында Аманхан Әлімұлы мен оқитын мектепке қонаққа келді. Сол кезде ақынмен таныстым. Ол кісі өлеңдерімді оқып, жағымды пікір айтты.

Өркен Өсербай
Аманхан Әлімұлы, Өркен Өсербай. Фото жеке архивінен

Сафура Темірбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Сөзге шешен, оқуда зерек

Мектебіміздің барлық оқушысына «Мұқағалидың кем дегенде 30 өлеңін жатқа білу керек» деген тапсырма бердік. Оны тырысып, жаттайтындар да бар. 30-ға жетпесе де, 15-20 өлеңмен шектелетіндер де болады. Ал Өркен осы тапсырманы барлығынан асырып орындады. Өркеннің бойынан өлең жазуға, жаттауға деген қабілетті алғаш әдебиет сабағына келгенде байқадым. Оның тағы бір ерекшелігі — шешендігі. Ол кез келген ситуациядан өз ойын айтып, оңай шығады. Басқа балалардан «білсем екен», «мынаны оқысам екен» деуімен ерекшеленеді. Өте зерек бала. Биыл 9-сыныпты бітірді. «Үздік куәлікке» үміткер. Бұл тек мұғалімнің жетістігі емес. Ұстаздар баланың шығармашылықпен айналысып, талантын ашу үшін онымен жұмыс істейді. Бірақ үйдегі ата-ананың, отбасының да ықпалы маңызды. Осы орайда Өркеннің ата-анасы да оған қолдау көрсетіп, әр жетістігіне қуанып отырады. Ол тек қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін ғана емес, физика-математиканы да сүйіп оқиды. Болашақта мұнай-газ саласында жұмыс істегісі келеді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!