Арысты қалпына келтіруге шамамен 20 миллиард теңге қажет

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыста зақым келген үйлерді қалпына келтіруге шамамен 20 миллиард теңге қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, жарылыс салдарынан қираған және зақымданған үйлердің саны жиі өзгеріп отыр.

Келген шығын — алдын ала мәлімет бойынша 7600 үй. Кеше кешкісін 8 мыңнан астам нысан болды. Цифр нақты емес. Кеше біз бұл мәселені талқыладық, келген шығын — шамамен 20 миллиард теңге. Бұл — қалпына келтіруге қажет қаражат. Бұл — алдын ала мәлімет, — деді Владимир Беккер Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Төтенше жағдайлар комитеті басшысының мәліметінше, Арыста 70-ке жуық үй түгел қираған.

15 шілдеге қарай нақты цифр болады деп ойлаймын, өйткені қазір бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. Ол жерде анықтайтын жұмыс көп. Зақымданған тұрғын ұйлерге келсек, олардың саны да жиі өзгеріп тұр — 27 болды, кейін 50-ге жетті, қазір 70 үй аталып отыр. Олардың бәрі қалпына келтіріледі. Ел Президентінің Арыстан арсеналды шығару жөнінде тапсырма беруіне байланысты енді ешқандай қауіп болмайды, — деді Владимир Беккер.

Еске салайық, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймаларда бірнеше жарылыс болған еді. Үш адам қаза тапты, оның екеуі — әскери қызметші. Жарылыс кезінде адамдар, әсіресе, балалар зардап шекті. Екі бала Нұр-Сұлтандағы ауруханада емделіп жатыр. Олардың бірі есін жиды, екіншісінің жағдайы ауыр.