Отырыста 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке және 2017-2021 жылдарға арналған шағын несиелендіру құралдарын кеңейтуге, гранттар бөлуге, қысқа мерзімді оқытуға және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобалары қабылданды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тетіктерін кеңейтуге қосымша 50 миллиард теңге қаралады.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру — ҚР Үкіметінің жұмысының негізгі бағыты. Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті — әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға бірден кірісу, оларды уақытылы орындау үшін барлық ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шараны шұғыл жүргізу. Бұл азаматтардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бір апта ішінде азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдалану тетіктерін айқындауды, азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша жинақталға айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруды тапсырды.
Асқар Мамин жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды іздеу мен бос жұмыс орындарын толтырудың белсенді форматына көшу арқылы Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдіруді де тапсырды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыты бойынша мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін жастар арасында тұрғын үй бөлу тетігі бекітіліп, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікті несиелер беру тетігі іске қосылады.
1 қыркүйектен бастап тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді, жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30% артады, — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы облыс әкімдеріне бүкіл норматив рәсімді қатаң сақтап, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мониторинг жүргізуді және тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту шараларымен қамтуды арттыру үшін Атырау, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстарының оң тәжірибесі бойынша тұрғындар табысын арттыру үшін өңірлердің скринингін іске асыру жоспарын және әдістемесін әзірлеуді тапсырды. Скрининг базасында кәсіпкерлер мен үй шаруасындағы әйелдерден сауалнама алынады.
Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға, оның ішінде жастарды қолдауға, сонымен бірге адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған, Азаматтарымыздың проблемасын шешу көп жағдайда үйлесімді жұмысқа байланысты, — деді Асқар Мамин.