Қазіргі журналистиканың дамымай жүргенінің себебі журналистерді қоғам қайраткері деп есептейтін болдық. Әрқайсымыз өзіміздің жеке пікірімізді айтып қалуға тырысамыз. Министрлерге баға береміз, елде болып жатқан оқиғаны талдаймыз. Бірақ журналист болған оқиға туралы ақпарат қана беруі керек.
Этика — адамның ар-намысына тимеу, жеке басына нұқсан келтірмеу. Қазіргі журналистикада этика талаптары сақталмай жатады. Әсіресе, қазақша ақпарат тарататын сайттардың көбі елге белгілі тұлғалардың әлеуметтік желіде жазған посттарын порталдарына көшіріп басады. Журналистердің көпшілігі ол адамнан рұқсат та сұрамайды. Мұндай нәрсе үшін біздің елде әзірше ешкім ешкімді сотқа беріп жатқан жоқ. Дегенмен біз сол үшін жауапкершілікке тартылатын жағдайға келеміз.
Ақпаратты жылдам тарату емес, тексеріп алу маңызды
Журналистикадағы медиаэтиканың ең бірінші пункті — тексерілмеген ақпаратты таратпау. Бұрын көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсеге ғана сену керек деп айтатын. Қазір оның өзіне күмәнмен қарау қажет. Өйткені көзбен көріп тұрған нәрсе кейде біз ойлағандай болмауы мүмкін.
Қазір негізгі ақпарат көздерінің бірі — WhatsApp. WhatsApp-тан видео, аудио тараса, бес минуттан соң журналистер әлеуметтік желіде сол ақпаратты бөлісіп жатады. Мүмкіндігінше мұндай нәрселерді таратпаған дұрыс. Өйткені біз видеоға дейін немесе одан кейін не болғанын білмейміз.
Осыдан 2-3 жыл бұрын WhatsApp-та бір жігіттің жас қызды қолынан қайырып ұстаған видеосы тарады. Қыз жанұшырып, айқайлап жатыр. Өтіп жатқан адамдар жігітке «ұялмайсың ба?», «өзіңнің әпке-қарындасың жоқ па?» деп, оған қарғыс айтып жатыр. Жігіт араласпауын өтінсе де, халық тынышталған жоқ. Артынан белгілі болғандай, әлгі жанұшыра айқайлап жатқан қыз алаяқтықпен айналысып жүрген екен, ал жігіт — полицияның жедел уәкілі. Оны ұстап полиция бөлімшесіне әкетейін десе, адамдар оның жұмысына кедергі келтіріп, мүмкіндік бермей жатыр. Ең сорақысы — журналистер оқиғаның анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, оқиғаны мүлдем басқаша таратты. Журналист ең әуелі ақпаратты жылдам таратуды емес, оны тексеріп алуды ойлауы керек.
Қазақ сайттарындағы тексерілмеген ақпаратқа қатысты картинаға келесі жайт мысал бола алады. 2017 жылы 1 сәуір күні «Ақ жайық» газеті Ақылбек Көпжасаров есімді азаматтың әлем математиктері 200 жылда шеше алмаған үш есептің бірін шығарғаны туралы ақпарат таратты. Кейін газет ұжымы оның 1 сәуір күнгі әзіл екенін айтты. Бірақ республикалық газет-журналдар мен ақпарат сайттары осы материалды көшіріп басты. Одан кейін талай жерде бұл ақпараттың фейк екені айтылса да, кей медиаресурстар бұл материалды әлі күнге дейін өшірмеген. Сол себепті барлық ақпаратқа күмәнмен қараңыз. Кез келген видео, аудио, фотоны Google іздеу жүйесіне салып, тексеріп алыңыз. Одан ұтылмайсыз, керісінше, ұтасыз.
Біреудің еңбегін ұрламау, көшірмеу
Журналистік этиканың тағы бір маңыздысы — әріптестердің еңбегіне құрметпен қарау, көшірмеу, ұрламау. Көшірген жағдайда міндетті түрде сілтеме беру керек. Басқа журналистің жазған мақаласын, идеясын немесе тақырыбын ұрлау адамның қалтасына қол салып, ақша ұрлаумен бір дер едім. Бірақ бұған қалыпты жағдай деп қарайтын болдық. Егер біреудің жазған мақаласынан дерек алсақ, одан біздің еш жеріміз кеміп қалмайды. Бұл бір жағынан өзімізді қорғап қалуға да себеп болады.
Балаға қатысты ақпаратты қалай жариялау керек?
Баланың бір ғана фотосуреті оның болашақ өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені ол өседі, жетіледі. Бала мен жасөспірімнен сұхбат алғанда, фотоға, видеоға түсіргенде оның ата-анасынан немесе қамқоршысынан міндетті түрде рұқсат сұрау керек.
Осыдан 5-6 жыл бұрын елімізде ұшақ апаты болып, ондаған адам қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында ерлі-зайыптылар да бар еді. Олардың мектепте оқитын баласы болған. Ол әжесімен бірге тұрады. Сол оқиғадан кейін бір жыл өткен соң еліміздегі бір телеарнаның журналисі әлгі баладан сұхбат алмақшы болады. Бірақ оның әжесі бұл оқиғаны баланың есіне түсіргісі келмейтінін айтып, рұқсат бермей қояды. Сол кезде журналист баланы аңдып жүріп, оның оқитын мектебіне барады. Бала дене шынықтыру сабағына шыққанда оған жақындап, «Әке-шешеңді сағынып жүрсің бе?» деген сұрақ қояды. Мұндай нәрсені ешқашан жасауға болмайды. Егер сенсация керек болса, басқа жерден іздеңіз. Бірақ журналистің мақсаты сенсация емес екенін түсіну керек.
Объективтікті сақтау, әлеуметтік және басқа да араздықты болдырмау
Бұл нәрсе Теңіздегі және Арыстағы жағдай кезінде көп байқалды. Бұрын журналистикада өткір сөйлеу, адамның жанына бататын сөздерді жазу, біреуді сынау қалыпты нәрсе болды. Бірақ қазір оның дұрыс емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Тіпті, бұрындары жазылған мақалалардың дені стандартқа сай емес екенін байқауға болады. Өйткені онда журналистің жеке пікірі, адамның жеке басына тиетін нәрселерді оңай табуға болады. Қазір мұндай нәрсеге жол беруге болмайды.
Мәдина Әбілқасымова министр болып тағайындалғанда Qazaquni.kz порталында «Неге бізде мемлекеттік тілге миы жетпейтіндер министр болады?» деген тақырыпта мақала шықты.
Мақаланың лиді мынадай: «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІН, САУАТСЫЗ МИНИСТРЛЕР, ДЕПУТАТТАР, ШЕНЕУНІКТЕР, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР журналистер мемлекеттік тілде сұрақ қойғанда ғана сауатын ашып, әліппені қайта оқи бастайды…»
Дәл осындай мақаланы автор осыдан 7 жыл бұрын да жариялаған. Автор «Ең топас адамның өзіне тіл үйренуге 3 жыл жетеді екен… Сонда біз он есе топаспыз ба?.. Сондықтан да мен былтыр: „Қожанасыр есегін де 30 жылдан соң сөйлетемін деп еді, біз сол Қожекеңнің кейіпкерінен де кейін болыппыз ғой… Бұл ЕҚЫҰ-ға төраға, 50 елге еніп келе жатқан, Елбасымыз бар елдің азаматтарын қорлау емес пе?”- деп жаздым… Ал жалпы әлемде мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмеуге құқы бар мемлекет бола ма?!. Біз байғұстардан басқа…», — деп жазады.
Зейнолла Абажанның дәл осы порталда 2019 жылдың 12 ақпанында «Батыр аналарға баспана алып берсе, байлардың миллиардтарының мұрты қисаймайды» деген тақырыпта мақаласы жарық көрген.
Мақалада мынадай жолдар бар: Артынан теуіп қуып шыққанша, түрмеге апарып тыққанша сол орында былшиып отыра береді. «Мен халық үшін не жақсылық жасадым, олардың сенімін ақтай алдым ба?» деген сұрақ ешқашан мазаламайды шенеуініктерді. Өйткені оларда ар, намыс, жауапкершілік деген сезім атымен жоқ.
Дәл осындай сөз үшін министр де, басқа шенеуніктер де журналисті сотқа беруіне болады. Қазір бұрынғыдай айтылды, кетті дейтін заман жоқ. Қазір бір адамда екі телефоннан бар. Қазір болған оқиғаны жасырып қалу қиын, әр адам скрин жинайды.
Жуырда журналистердің кейбірі әлеуметтік желіде Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккен халықты кінәлап жатты. «Оларға халық барлық көмекті көрсетіп жатыр, енді не жетпейді?, «Неге өздері еңбек етпейді?» «Митингіге шығып, не себепті тыныштықты бұзады?» деп жазғырғандар бар. Басқа өңірдің халқын алалап немесе оларды кемсіткенім емес, бірақ Шымкентте тұратын адамдарға еңбек етпейді деп айту үшін де жақсылап ойлану керек шығар. Өйткені олар осы күнге дейін биліктен немесе халықтан ештеңе сұрған емес. Оның үстіне, бұл жағдайда Арыс халқының еш кінәсі жоқ. Бұл — табиғи апат емес. 10 жылда төрт рет қайталанып отырған жағдай. Соның кесірінен ата-аналар бірнеше сағатқа баласынан ажырап қалды, бейбіт күнде үйіндегі бар дүние-мүлкін тастап, 45 градус ыстықта қашып шықты. Олардың басынан өткен бірде-бір жағдайды көрмей жатып, олар туралы осындай пікір айту әлеуметтік араздықты туғызады.
Сол сияқты соңғы кездері интернеттегі ақпарат құралдары шоу-бизнес өкілдерінің өмірі, олардың қымбат дүние-мүлік сатып алғаны туралы көп жариялайтын болды. Ал оқырман негізінен әлеуметтің қарапайым тобы болуы мүмкін. Сол себепті мұндай материалдар да әлеуметтік араздықты туғызады деп есептеледі.
Әлеуметтік желіде де этика сақталуы керек
Бұл — менің жеке парақшам, не жазсам да, өзім білем деп, этиканы ескермейтін болсаңыз, жұмыс орныңызды көрсетпеңіз. Егер қызметіңізді көрсетпей, тек достарыңыз бен туыстарыңызды қосып, аккаунтыңызды жабық етіп қойсаңыз, онда бұл менің жеке парақшам деп айта аласыз. Әлеуметтік желілердегі пікірталастарда адамның жеке өмірі сөз болмауы керек. Бізде мұндай нәрсе де кездесіп жатады. Конституция бойынша әр азаматтың ар-намысы, құқығы қорғалады. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы бар. Онда «Тіліне, дініне, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, тектік немесе топтық ерекшеліктеріне қарамастан, барлық адамның құқығы тең және оған қол сұғуға болмайды», — делінген.
Өкінішке қарай, біреуден жеңіліп бара жатсақ, оның жеке басына тиісіп жатамыз. Жақында журналистің әлеуметтік желідегі жазбасына келіспеген басқа әріптесіміз оның фамилиясына тиісіп, пікір жазды. Сол сияқты бұрынырақта тағы бір журналист туралы жазбаға әріптесіміз оның гей болғанын айтып, комментарий жазды. Бұл — дұрыс емес. Ол гей ме, орамал таға ма немесе жалаңаш жүре ме, онда журналистің ешқандай жұмысы болмауы керек.
Журналистер әріптестерінің құқығын қорғаудан тыс қалмауы керек
Журналистік этика деген жоғарыдағы талаптарды сақтау ғана емес. Басқа әріптестердің құқығы аяққа тапталып, оларға қысым жасалғанда тыс қалуға болмайды. Журналист немесе ақпарат құралы проблемаға тап болып жатса, оны естіп тұрып, «бұл — олардың жеке проблемасы» деп мән бергісі келмейтіндер бар.
2016 жылы Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевқа «салықтан жалтарды», «қаржы жымқырды» деген айып тағылды. Сейітқазы Матаевты қолдап, көп журналист қол қойды. Бірақ кей журналист, редакторлар қол қоймай қалды. Бұл — дұрыс емес. Егер біз Сейітқазы Матаевты қорғап қала алмасақ, одан кейін де ешқандай журналисті қорғай алмаймыз. Кейде журналистің өз қатесінен басы бәлеге қалса, амал жоқ, үндемеуге болады. Бірақ оның кәсіби қызметіне, жазған мақаласына қатысты айып тағылса, ондай кезде міндетті түрде қолдау қажет.