Маусым айының әр сенбісінде Q-Lab қалалық жобалар зертханасы 5-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге қызық бағдарлама ұйымдастырды. Балалар Kids Urban Lab-тың әр шарасында қала қандай құрылыммен жұмыс істейтінін, қауіпсіз және қолайлы қаланы қалай қалыптастыру керек екенін үйренді. Олар түрлі жаңа технологияны пайдаланып, арманындағы қаланың жобасын жасауға тырысты.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab-қа келген бала бағдаршам датчигінің қалай жұмыс істейтінін тексеріп жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл бағдарламаның алғашқы бөлімі 1 маусым — Балаларды қорғау күні өтті. Онда алдағы шаралар туралы да хабарланды. Ұйымдастырушылар келген балаларға мониторинг жасаған. Сол арқылы бағдарламаны қалай қызық өткізуге болатынын зерттеп отырған. Нәтижесінде балалар Kids Urban Lab-тың алғашқы бағдарламасынан бастап барлығына қатысып шықты.

Назерке Мұндаханова
Назерке Мундаханова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бала — қала өмірінің ажырамас, маңызды бөлшегі. Оны мықты катализатор деуге болады. Қазіргі ата-аналар балаларының пікірін, ойын ескере біледі. Мысалы, «Анашым, қоқысты олай тастамаңыз», «Электр энергиясын үнемдейік», «Әке, біреуге қоңырау соғып бізге ойын алаңын салып беруін сұрайықшы», «Мектепке апаратын жолды қалай жөндеу керек?» деп сұрайтын балалар бар. Баланың пікірі де қала тұрғындарының тілегін, талаптарының орындалуына әсер етеді. Біз, «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты, серіктестеріміз «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ, Алматы әкімдігі, ЮНИСЕФ, «Біз Алматымыз» жобаларымен бірлесіп, түйткілді мәселелерді шешуге жағдай жасаймыз, — дейді Q-Lab қалалық жобалар зертханасының маманы Назерке Мундаханова.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab мастер-класы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

8 маусымда Kids Urban Lab-тың екінші шарасы «Көлік жүйесі және инфрақұрылым» тақырыбында өтті. Мұнда балалар «Жаяу жүргінші жолы, қоғамдық көлік, бағдаршам деген не?» сияқты сұрақтарға жауап алды. Көліктің көп болуы айналаға қалай әсер ететіні, кей проблеманы шешудің жолы туралы да түсіндірілді. Ал үшінші бағдарлама «Қоғамдық кеңістіктер» тақырыбына арналды. Онда балалар жергілікті аймақта, өзі тұратын ауданда демалыс орындарын қалай ұйымдастыру керек екені туралы пайдалы ақпарат алған.

Kids Urban Lab-тың соңғы шарасын «Қаладағы және қоршаған ортадағы қауіпсіздік» тақырыбында өткіздік. Бала экологияның, адамның, қаланың — барлығының бір-бірімен қалай байланысты екенін қазірден түсінуі керек. Оны таза ұстап қана емес, кейінгі ұрпаққа да қолайлы мекен етіп қалдырудың маңызын жастайынан білгені жөн, — дейді Назерке Мундаханова.

Маусымның соңғы сенбісінде өткен бағдарламада LEGO Education, STEM Center, Scientific Тechnology engineering mathematics, Inventive робот техникасы академиясы балаларға түрлі мастер-класс өткізді. Kids Urban Lab-тың тағы бір ерекшелігі — жобаны ешкім қаржыландырмаған. Оны Q-Lab қалалық жобалар зертханасының мамандары, еріктілер ұйымдастырып шыққан.

Назерке Мұндаханова
Назерке Мундаханова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ұйымдастырушылар Kids Urban Lab аудиториясын әлеуметтік желілерге, әкімдікке, түрлі каналға хабарландыру беру арқылы жинаған. Әр бағдарламадан баланың келесі шараға да қайтып келуіне не әсер етуі мүмкін екенін зерттеген. Сөйтіп бір айдың ішінде 435 балаға танымдық кеңес беріп, түрлі ойын-сауық ұйымдастырған.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Балаларға арналған бағдарлама болған соң оған міндетті түрде ата-анасы немесе тәрбиешісі де бірге келеді. Біз тізімге тек балаларды алдық. Көпшілікке аса танымал болмасақ та, аудитория біз күткеннен көп болды. Демек, жобамыз бүлдіршіндерді қызықтыра білді. Бағдарламаға қатысуды ақылы еттік. Бұл тек символ тұрғысынан болды. Адам ақылы қызмет алса, оның жауапкершілігін көбірек сезінеді, пайдалы ақпаратты сіңіруге тырысады, — дейді урбанист.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab мастер-класы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қоқысты қайта өңдеу дегеннің не екенін барлығы бірдей біле бермейді. Recycle BIRGE, Tazalyk деген тәрізді ұйымдарды көбі естімеген де болуы мүмкін. Q-Lab зертханасы қалада дәл осы тәрізді қандай жоба бар, оның пайдасы қандай екенін танытуды мақсат етеді. Тұрғындарға мәселені бірге шешу идеясын тастайды.

Kids Urban Lab
Бүлдіршіндер ескі киімдерінен экосөмкелер жасап жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шарамызға келген 10 адамның ішінде бесеуінің болсын санасына әсер ете алсақ, біз үшін жетістік. Q-Lab аудиториясының нақты жас ерекшелігі жоқ. 15-тегі жасөсіпірім, тіпті, 90-дағы қария да қандай да бір идея айтса, оны жүзеге асыруға түрткі болса, біздің көздегеніміздің орындалғаны. Біз барлық тұрғынға, кез келген пайдалы идеяға ашықпыз. Кері байланыс орнатуға дайынбыз, — дейді «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының маманы.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab мастер-класы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Q-Lab-та өтетін зерттеулер қаланың дамуына, қоғамға, тұрғындардың бірігуіне бағытталған. Ең негізгі мақсатының бірі — мәселенің әлеуметтік маңызын түсіне отырып коммерциализациялау.

Мақсатымызды бірлесіп жоба жасау, тұрғындарға ыңғайлы қаланы қалыптастыру арқылы жүзеге асырмақпыз. Ортақ миссиямыз бар серіктестермен жұмыс істейміз. Q-Lab қала жоспарының экпериментал лабораторияcын қалыптастырмақ. Оны қаланың өмірін, яғни тарихын, бүгінін көрсете отырып, болашағын жоспарлау арқылы жеткіземіз. «Сіздер бұны не үшін істеп жатырсыздар?» деп сұрайтындар өте көп. Біз осындай алаңдарда жасаған жобаларымызды көрсеткіміз келеді, бағдарламалар қалай жүзеге асатынын түсіндіруге тырысамыз. Қаланы зерттегенде уақыт талабын, адамдардың қалауын ескереміз. Қазіргі сәтті призма арқылы айқын көрсеткіміз келеді, — дейді аға архитектор.

Kids Urban Lab
Kids Urban Lab мастер-класы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Q-Lab-тың әзірге ресми ашылу салтанаты өтпеді. Бірақ олар қазірдің өзінде серіктестерімен бірнеше жобаны аяқтаған. Жарты жылдың ішінде, яғни қаңтар мен маусым айы аралығында жүзеге асқан жоба саны 70-ке жеткен.

Бұл — тек біздің жеке емес, серіктестерімізбен де өткізген шара саны. Олардың қатарында Алматы марафоны, Британ кеңесінің «Біз Алматымыз» жобасы, LEGO Education, STEM Center, Recycle BIRGE, Almaty Tour Studio және Inventive робототехника академиясы және тағы басқалары бар. Серіктестерімізбен бірге Kids Urban Lab жобасын жүргізуді қолға алдық. Осы жоба арқылы балаларды урбанистикаға тартқымыз келді. Бұл Q-Lab-тың философиясына саятын жоба болды. Урбанистиканы адам жастайынан түсінгені жөн. Өйткені қандай азамат болып қалыптасуы баланың тәрбиесіне, көрген-білгеніне байланысты екені анық. Бала қандай мекенде ержетеді? Қоршаған ортасы қайтсе, таза, қолайлы болады? Бала қаланың дамуына қандай үлес қоса алады? Міне, бұның барлығын бала кішкентайынан біліп өскені дұрыс, — дейді Q-Lab өкілі.

Назерке Мұндаханова
Назерке Мундаханова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Q-Lab-тың контенттері толықтай қаланы дамытуға бағытталған. Олардың арасында әлеуметтік маңызы бар шаралар бар. Мысалы, Алматы марафоны да урбанистикаға кіреді. Ол қала тұрғындарына, қайырымдылыққа, экологияға, салауатты өмір салтына бағытталған. Британ кеңесінің қаланың дамуына, тұрғындарына арнаған «Біз Алматымыз» жобасы бар. «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты да осы бағытта түрлі контент әзірлейді. Назерке Мундаханованың айтуынша, барлық шараны өткізуге рұқсат беріле бермейді. Мәселе нақты концепция аясында шешілуі қажет.

Q-Lab қалалық жобалар зертханасының іске қосылуының өзі қызық жағдай болды. Оның концепциясын Урбанистика орталығының мамандары жасап шықты. Зертхана жобасы әкімдікке ұнап, оны жүргізуге рұқсат алдық. Қазір командада басшымыз Әзиз Едігебаев, оның орынбасары Айнұр Жұбанова, ғылыми-зерттеу маманы Ханшайым Жаукен, көркемдік үйлестіруші Роман Коренчук, SMM маманы Жанар Мұқажанова және мен аға архитектор ретінде қызмет етеміз. Біздің командамызға еріктілер де қолғабыс көрсетеді. Олардың арасында ҚБТУ студенті Еркежан Мұхаметқалиды ерекше атауымызға болады, — дейді Назерке Мундаханова.

Q-Lab атауында q «қала», l «лаборатория» және тұтас алғанда collaboration «ынтымақтастық» деген мағына береді. Ұйымдастырушылар жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар, қала мен оның тұрғындарының ынтымақтастығына, дамуына үлес қосатын бірнеше жобаны жүргізуге әзір.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!