Арыстан Нұр-Сұлтанға 200 бала қыдырып келді. Балаларды елорда вокзалынан қала әкімі Алтай Көлгінов күтіп алды.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, Арыс балаларын қаланың көрікті жерлеріне экскурсиялар, концерт және цирк бағдарламалары, танымал адамдармен қызық кездесулер күтіп тұр.
Біз Арыстан 200 баланы қарсы алдық. 5-7-сынып оқушылары мұғалімдермен бірге келді. Олар астанада екі апта болады. Бұл — алғашқы топ. Биыл жазда Арыстан 1000-ға жуық баланы қабылдаймыз, — деді Астана әкімі.
Жас әнші Ержан Максим Арыс балаларын күтіп алып, оларға кɵңiлдi демалыс тіледі.
Оқушыларды 20 мұғалім алып келген. Балаларға Оқушылар сарайы, «Нұр-Әлем» сферасы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық музей, «Астана-Бәйтерек» монументі, Астана-Опера, Тұңғыш Президент мұражайы, «Атамекен» этномемориал кешені, «Алау» мұзайдыны, «Сарыарқа», «Барыс-Арена», «Астана-Арена» спорт кешендері және тағы басқа қаланың көрікті жерлерін аралайды.