«Өте орынды, уақытында көтерілген бастама. Әрине, депуттатың бұл ұсынысын қолдаймын. Мемлекет осы салаға көптеген қаржы бөліп отыр. Назарынан тыс қалдырған жоқ. Менің білім саласында еңбек етіп жүргеніме 40 жыл болды. Бұл салада әлі де тиісті шаралар атқарылуы қажет. Олқылықтар бар. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, елімізде 340 мың мұғалім бар. Оның 61 мыңнан астамы 53-60 жас аралығында. Ал зейнет жасына шыққан ұстаздардың саны 7 мыңнан асады. Сондықтан мұғалім мамандары қартайып бара жатыр десем, қателеспеймін. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, елімізде ұстаздардың тек 60%-ының жеке басында үйі бар екен. Ал қалғандары пәтер жалдап, үй-күйсіз жүр. Бұл мәселе, көбінесе, жас мұғалімдерге байланысты. Бұл – ұстаздардың әлеуметтік жағдайының төмен екендігін көрсетеді. Мысалы, жас мұғалімнің жалақысы 50 мың теңге. Ал оның бұл ақшасы қайда жетеді? Жалдап тұратын үйі, киімі, тамағы және шығындары бар», — дейді кәсіподақ төрайымы Майра Амантаева.
Сонымен қатар, Майра Амантаева жергілік билік өкілдері мұғалімдерді қосымша жұмыстарға тартатындығын айтты.
«Халықтың ұстазға деген көзқарасын өзгерту керек. Мысалы, жергілікті билік өкілдері мұғалімдерді стадиондарды толтыруға, бір керексіз кітаптарды алуға, газет-журналдарды жаздыруға, түрлі шараларға қатыстыруға құмар. Осыдан кейін мұғалімнің беделі қайдан болсын? Тіпті, педагогикалық оқу орындарына да жастардың құлшынысы аз. Себебі, бұл мамандыққа ҰБТ-дан төмен балл алғандар ғана барады», — дейді ол.
Оның айтуынша, елімізде ұстаздар мен дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын қолдауды күшейту қажет.
«Біз дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін алдымен білім саласына мән беруіміз керек. Себебі, мемлекеттің қуаттылығы оның білім деңгейімен, денсаулық және әлеуметтік жағдайымен өлшенеді. Барлық кәсіпті оқытатын мұғалімдер. Ал бүгінде олардың еңбекақысы өте төмен. Республикадағы орташа жалақының 75%-ы. Білім саласында жұмыс істеп жүрген жандардың 86%-ы әйел азаматтар. Ер азаматтардың үлесі аз. Неге олар бұл салаға бармай жатыр? Өйткені, жалақысы аз. Білімді мұғалімсіз жаңа инновациялық технологияларды меңгермейміз, ұлт жоспарын да жүзеге асыра алмаймыз. Себебі, сауатсыз маман саланы құрдымға жібереді. Сондықтан, мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жасауды – бірінші кезекте тұратын мәселелердің қатарына қосу қажет», — дейді Майра Амантаева.