Нұрсұлтан Назарбаев 2049 жылы ашылатын хат қалдырды

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ-Британ техникалық университеті ғимаратының алдындағы аллеяға болашақ ұрпаққа жолдауы жазылған уақыт капсуласын қойды. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы хабарлады.

Елбасы бұл жолдаудың болашақ ұрпақ үшін ерекше маңызды екенін айтты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның бағындырған белестері аз емес. Аға буын бүгінгі жастардың бақытты өмір сүруі үшін біздің қандай қиын кезеңдерді бастан өткергенімізді жақсы біледі. Біз еліміздің игілігі үшін жұмыс істедік. Қазақстанды әлемге таныттық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Композицияда заманауи үлгіде жасалған ұлттық ою-өрнектер бейнеленген. Тастағы жазу петроглиф жасаудың ежелгі тәсіліне ұқсас. Оның авторы — Санжар Жұбанов.

Нұрсұлтан Назарбаев уақыт капсула
Фото: Аkorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі ұрпақтың келешекте өсіп-өркендеуі үшін зор мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

Мен мақсатымызға қол жеткізгеніміз үшін өте қуаныштымын. Бұл капсула 30 жылдан кейін ашылады. Осы жылдар ішінде көп нәрсе болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан және оның азаматтары өз даму жолымен ілгерілеуін жалғастыра беретін болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ отандастарға жазған хаты 2049 жылы 22 маусымда ашылады.