Шығыс Қазақстанда «Білікті маман» жобасы іске асып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мектеп түлектерінің әлеуеті, Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу мен оған дайындық барысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Биыл облыс мектептерінен 8490 түлектің 6669-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. 2017 жылдан бастап аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша «Білікті маман» жобасы іске асып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты — мектеп, колледж түлектерінің шетел жоғары оқу орындарын таңдауын азайту және жоғары білімді қолжетімді ету. Осы жылы облыс әкімдігі өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарға барлығы 400 бюджеттік орын бөледі. Әкімдік тарапынан жыл сайын жоғары оқу орындарының студенттерін оқытуға үлкен қаражат бөлу қарастырылған. Студенттің бір жыл оқуына орта есеппен 800 мың теңге, ал оқудың барлық цикліне төрт миллион теңге жұмсалады. Жалпы 2017 жылдан бастап бөлінген гранттарды ескере отырып, оқудың толық циклін қаржыландыру 4,2 миллиард теңгені құрайды (1046 студентке). Бөлінген қаражат оқытушының еңбекақысын, шәкіртақы мен студенттің жолақысын қамтиды, — деді Әсем Нүсіпова.

Қазір мектеп түлектерінің өзге елдерге оқуға кетуі айтарлықтай төмендеді. 2016 жылы облыс мектептерінің 1800 түлегі шетелге оқуға кетсе, 2017 жылы — 890 түлек, 2018 жылы 636 түлек шетел жоғары оқу орындарына кетті (бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 35,3%-ға қысқарды). 2019 жылғы болжамға сәйкес Қазақстаннан тыс жерлерге шығатын түлектер саны шамамен 585 адамды құрайды.

Сонымен қатар оқушылар үшін жоғары білім қолжетімді бола бастады. 2017 жылы ҰБТ тапсырған облыс түлектерінің 48%-ы білім грантын алса, 2018 жылы мектеп түлектерінің 56%-ы республикалық және жергілікті гранттарға ие болды. Өңірлік жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы артты (2017 жылы — 89,5%, 2018 жылы – 90,1%). Бұған жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасының артуы себеп болды.