«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестиваліне 18 елден 140 қатысушы келеді

7-8 маусым күндері Алматының Боролдай сақ қорғандары археологиялық паркінде «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этно-мәдени фестивалі өтеді. Онда 18 елден 140 адам келеді. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва, Украина, Дағыстан, Қалмақ Республикасы, Таулы Алтай, Өзбекстан, Якутия, Бурятия, Саха Республикасы, Қырғызстан елдерінен жиналған қатысушылар көшпелі халықтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын дәріптеп, ұлттық ойындарын ойнап, музыкасын орындайды.

Фестивальда талантты этномузыканттар мен спортшылар, саятшылар, қолөнершілер өнер көрсетеді. Этно-мәдени фестивальдың мақсаты – көшпелі халықтардың көне тарихын жаңғырту, халықтардың ұлттық ерекшелігін келер ұрпаққа түсіндіру, — дейді ұйымдастырушылар.

Мажарстаннан келген қонақтар Андраш Бироның бастауымен ат үстінде әскери ойындар ойнатылып, Бурят шаманы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін жүргізеді. Башқұртстаннан келген мергендер «Мэргэн уксы» атты жаяу және ат үстінде садақ ату өнерін көрсетеді.

Қырғыз еліннен келген «Салбуурун» командасы қыран құстар мен тазы құмайлардың көмегімен аң аулау шеберлігін көрсетеді. Садақшылар, палуандар, әскери-патриоттық би ансамблдері өнерін шоу бағдарлама ретінде ұсынады.

Екі күн болатын этнофестиваль күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерт, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындар көріп, тамашалай алады.