Басты бетЖаңалықтарАқсуатта республикалық...

Ақсуатта республикалық ақындар айтысы өтті

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақындар айтысы өтті. Суырып салма ақындар қоғамдағы мәселелерді айтып, түйткілді тақырыптарды қозғай білді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы хабарлайды.

Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов пен Қытай қазағы Ерлан Аманқожаұлының арасындағы тартыс қызық өтті. Ерлан Аманқожаұлы осы айтыстың бас жүлдесіне тігілген екі миллион теңгені иеленді. Бірінші орынды Қанат Мырзахан, екінші, үшінші орынды Жансая Мусина мен Рүстем Қайыртайұлы еншіледі.

Дәстүрлі Ақсуат айтысының биылғы стипендиясы Баянауылдың жарық жұлдызы Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ол енді жыл бойы айтыс демеушісінен ай сайын 200 мың теңге шәкіртақы алып тұрады.

Жыр сайысын Жүрсін Ерман жүргізді. Ал қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қалиолла сияқты ақындар мен Алтынбек Қоразбаев төрелік етті.

Қырғызстан, Монғолия, Қытай және еліміздің әр түкпірен келген алты жұптың бәрі келесі айналымға өтті. Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлы мен Жайықтың Жансая Мусинасы баяғы дәстүрлерінен жазбай қыз бен жігіттің айтысын әдемі өріп шықты.