Өскеменде өткен дәстүрлі VII JastarTime IT фестивалінде оқушылар ұсынған бірнеше жоба көпке ұнап, мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Фестивальді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп тамашалады.
Фестивальдің бас жүлдесін Өскемендегі №1 орта мектебінің оқушысы Әли Бердібек иеленді. Оның «Smart бесік» жобасы онлайн дауыс беру нәтижесінде үздік шықты. Ақылды бесік жылаған сәбиді тербетіп қоймай, оған сүт беріп, бесік жырын айтады.
Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараға облыстың барлық ауданы мен қаласынан 200-ден астам оқушы мен студент қатысты. Олар ойлап тапқан жобалар арасында күн мен желден қуат алатын «Болашақтың коттеджі», пульт арқылы басқарылатын «Өрт сөндіргіш робот», зағиптарға арналған «Сиқырлы қолғап», латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үйренуге көмектесетін «Электрон оқулық» және басқалар бар.
Осыдан 10 жыл бұрын смартфон арқылы көп операцияны іске асыруға болатынын білген де жоқпыз. Қазір адамзат баласы революциялық өзгерістерге толы дәуірге аяқ басты. Бір кездері тек қиялымызда болған дүниелерді қазір күнделікті өмірімізде қолданып жүрміз. Ендеше, жастар уақыт көшінен қалмай жаңа технологияны жақсы меңгеруі керек, — дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы 655 мектепте IT-сыныптар жұмыс істейді.
Қуан Сейіт
Шығыс Қазақстан облысы