Шығыс Қазақстан облысында көше шамдары энергия үнемдейтін жаңа түріне ауыстырылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды ШҚО Ішкі саясат басқармасы. Нәтижесінде облыстың қалалары мен аудан орталықтарындағы көше шамдары жаңартылады.
Сіздердің банктеріңізбен бірлескен жобамыз өте көп. Бұл сөзіме банктің Қазақстандағы жобаларының 29%-ы Шығыс Қазақстанға тиесілі екені дәлел. Енді осы әріптестікті жаңа деңгейге көтергіміз келеді, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Қос тараптың арасындағы байланысты нығайта түсуге қаржы ұйымы да мүдделі екен.
Көше шамдарын жаңарту – өте тиімді жоба. Осы жұмыс арқылы сіздер электр қуатын кем дегенде 50-60% үнемдей аласыздар, – деп түсіндірді ЕҚҚДБ-ның Орталық Азия елдеріндегі басқарушы директоры Бруно Балванера.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Өскемен мен Семейдегі көше шамдары жаңартылса, екінші кезең 16 аудан орталығы мен шағын шаһарларды қамтиды. Нәтижесінде 225 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл-қалаларда жаңадан он мың көше шамы орнатылады.
Қуан Сейіт
Шығыс Қазақстан облысы
