Шығыс Қазақстан облысында үш күндік «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында бәйге өтті. 140 шақырымдық бәйге таңғы 4.00-де басталды. Облыстық Ішкі істер басқармасының хабарлауынша, Қазақстанның әр аймағынан келген 106 шабандоз Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін бәйгеге түсті. Жарыстың шынайы әрі әділ өтуі үшін жылқылар GPS жүйесімен қамтамасыз етілді. Қазақ күресі халықаралық федерациясының вице-президенті Батырхан Қамынханұлының мәлімдеуінше, бұл — елімізде осындай қашықтықта өткізіліп отырған тұңғыш бәйге.
Бәйге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ат жарысы мен атбегілікті жандандыру мақсатында өткізіліп отыр. Осылайша ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптей түстік. Бүгін шабандоздар үшін үлкен мереке болды, — деді Батырхан Қамынханұлы.
Шабандоздар сегіз сағаттық жол жүріп өтті. Бәйге жеңімпазы Көкпекті ауданының тұрғыны Руслан Шаярғазин атанды.
Бүгін үлкен әрі қиын жарыс болды. Арасында демалып, ақтық мәреге бірінші жеттік. Тұлпарымның жағдайын ұдайы бақылап отырдым. Соның төзімінің арқасында жеңімпаз атандық, — деді шабандоз Руслан Шаярғазин.
Ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың айтуынша, 140 шақырымдық бәйгенің өтуі — айтулы оқиға.
Еліміздің Шығысында халықаралық бәйгенің өтуі — ат спортында айтулы оқиға. Жарысқа арнайы дайындалған жүйріктер қатысып, шыдам танытты. Бұның бәрі үлкен табанды еңбек. Алдағы уақытта бәйгені дәстүрге айналдырмақпыз. Қатысушылар тізімі де кеңейетін болады, — деді ол.
Сонымен қатар фестиваль аясында әр қашықтықта тай, жорға жарысы, тай бәйге және аламан бәйге өтті.