Басты бетЖаңалықтарШығыс Қазақстанда...

Шығыс Қазақстанда мектеп оқушылары экспедицияға шықты

Шығыс Қазақстан облысына Павлодар мен Шымкенттен Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік оқушылары келді. Олар «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясына қатысады. Бұл туралы ШҚО Ішкі саясат басқармасы хабарлайды.

Бұл жоба Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының бастамасымен туған өлкені танып білуге, отансүйгіштік сезімді арттыруға бағытталған. 28 оқушы бір апта бойы Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи нысандар мен қорық-музейлерді аралап, ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысады.

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы 2012 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Жоба оқушыларға танымдық білімдерін шыңдауға, ғылыми жобаларын практикалық негізде әзірлеуге мүмкіндік береді. Жыл сайын мектепаралық байқауларда, олимпиадалар мен жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылар еліміздің әр өңірлеріне өлкетану-зерттеу экспедициясына жолдама алады, — деді Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Жұпат Ерниязова.

Бірінші күні экспедиция мүшелері Өскемен қаласындағы «Азия Авто» кәсіпорнында болып, «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешеніне танымдық сапар жасады.

Мен Өскемен қаласына алғаш рет келдім. Осы экспедиция құрамында болғаныма өте қуаныштымын. Ғылыми жұмысым машина құрастыру саласына байланысты болғандықтан «Азия Авто» кәсіпорнын аралап, өзіме қажет мәлімет алдым, — деді Шымкенттен келген 9-сынып оқушысы Байназар Сейтек.

Алдағы күндері оқушылар жетекшілерімен бірге «Абай-Шәкәрім» мемориялдық кешенінде, ірі агроөнеркәсіп шаруашылықтарында болып, балық аулау және бал орталықтарының жұмысымен танысады.