— Senim-smart әмиянын құрастыру идеясы қалай келді?
— Бұл жобаның идея авторы — Марат Нұрпейісов. 2005 жылы қосымшаны құрастыруға қолдау табылмады. Тек 2015 жылы мобайл қосымшаның жобасын жаңартып, 2016 жылы компания құрылды. 1,5 жыл заң жүзінде құжаттарын реттеп, бизнес-моделін құрастырдық. Ұлттық банктің лицензиясын алып, қосымшаның бір нұсқасын тестілеуден өткіздік. 2017 жылы мобайл қосымшаның толық нұсқасы қолданысқа берілді. Биылдан қолданушылар Senim smart-әмиянын белсенді пайдалана бастады. Бұл қосымшаны қазақстандық IT-мамандар мен «Болашақ» стипендиясымен оқып жатқан студенттердің жеке штаты құрастырды.
Мобайл қосымшаға Senim атауын беруіміздің өзіндік мәні бар. Жаугершілік заманда ата-бабаларымыз бір-біріне сенім білдіру арқылы талай шайқасты жеңген. Қазір адамдар өзгеріп, олардың қарым-қатынасында сенім жоғалып барады. Тұтынушылар бізге банк шоттарын тіркеп, өздеріне ыңғайлы төлем жасау арқылы бізге сенім білдіреді.
— Мобайл қосымша қалай жұмыс істейді?
— Android пен іOS платформасының тұтынушысы Senim-smart әмиянын жүктеп, кез келген банк шотын тіркеп қоюы қажет. Белгілі бір банк шоты болуы міндетті емес, оған бірнешеуін тіркеуге болады. Мобайл қосымшаға тіркеліп, кез келген жерде пайдалана аласыз. Қосымша пайдаланушыға ыңғайлы құрастырылған. Сіз көлікте отырып-ақ мобайл қосымшамен жанармайдың ақысын төлей аласыз. Теміржол мен кино билетін сатып алу, көлік тұрағына төлеу сияқты мүмкіндіктер де қарастырылған. Төлем жасау бойынша QR-Pay қызметінің 1000 серіктесі бар.
Senim-smart қосымшасы арқылы төлем жасау үшін тауардың QR-кодын сканерлейсіз. Содан кейін қажет соманы жазып, «төлеу» батырмасын басу қажет. Кассирге немесе даяшыға картаны беріп, пин-код енгізудің қажеті жоқ. Бұл жеке ақпаратыңызды пайдалану арқылы хакерлердің ұрлық жасауына кедергі болады. Біз қазақстандық банктер сияқты қауіпсіздігіңізді ескереміз. Өйткені тұтынушының ақпаратын өзімізде сақтамаймыз.
Сервисте кэшбек жинап төлем жасауға да болады. Банк карталарын немесе қолма-қол ақшаны ұстап жүрудің қажеті жоқ. Шотыңызда ақша болмаса, QIWI немесе Kassa24 терминалы арқылы қаражат аударуға болады. Қосымшаның бір ерекшелігі — жылдам қызмет көрсетіледі әрі ыңғайлы. Кез келген банк шотына ақша аударсаңыз, комиссия үлесі жоқ.
— Кэшбек арқылы қалай төлем жасауға болады?
— Серіктестеріміздің дисконт картасы арқылы жұмыс істейміз. Мысалы, мейрамхананың жеңілдік картасы арқылы тұтынушы 10 мың теңгеге тамақтанып, 9 мыңға төлем жасайды. Кэшбек 1000 бонус ретінде емес, ақшалай өзіне қайтады.
Банк картасының балансында комиссия — 1%, кешбэк жоқ. Кешбэкпен жүйеде төлем жасауға болады. Әмиянның құрылымында да несие лимиті бар.
— Қытайдағы WeChat қосымшасының аналогы ретінде жасалған Senim-smart әмиянның ерекшелігі қандай?
— Төлем жасау үшін бізге әртүрлі қосымша керек. Ал Senim мобайл қосымшасы арқылы сіз кез келген жерде сауда жасай аласыз. Болашақта қосымшаға messenger функциясын қосу жоспарда бар. Бұл WeChat қосымшасының аналогы болғанымен қазақстандықтар үшін ыңғайлы қызмет көрсетуді ұсынғымыз келеді. Қазір қосымшаны 100 мыңға жуық адам қолданады. Бұл — жас компания үшін жетістік.
Senim мобайл қосымшасының қызметі:
- Тез, қауіпсіз және смартфон арқылы кез келген жерде, интернет-дүкенде де төлем жасауға болады;
- Қосымшаның құрылымындағы қызметтерді тегін қолдануға болады;
- Жанармайдың ақшасын көлікте отырып-ақ төлеуге болады;
- Қосымша арқылы көлік тұрағының төлемін жасауға болады;
- Кинотеатрдағы афишаларды көріп, билет сатып алуға болады;
- Спорт секциясы немесе курстың төлемін жасауға болады;
- Телефон нөмірі арқылы қаражат аударуға болады;
- Кэшбек жинап, ақшаңызды үнемдей аласыз.
— Қосымшаға тағы қандай функциялар қосылады? Қандай жоспарларыңыз бар?
— Мобайл қосымшаны Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда мен Шымкентте пайдаланады. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресей Федерациясының тұрғындарының пайдалануын жоспарлап жатырмыз. В2В сегментін қосып, тұтынушылар коммунал төлемдерін, жалға алу сияқты сервистерді қосымшаға енгізуді қолға алдық.
Бір немесе бір жарым жылда қолданушылар санын миллионға жеткізуді мақсат тұттық. Олардың ішінде 500 мыңы белсенді болса, Қазақстанда айына 2,5 миллиард теңге табуды жоспарлап отырмыз.