Белдесудің алғашқы күнінде 1000-ға жуық палуан іріктеу кезеңінен өтіп, жарыстың екінші күні 32 палуан негізгі белдесуге жолдама алды. Жарыс нәтижесі бойынша алматылық Дәурен Нұралинов жеңіске жетіп, «Халық барысы» атағын алды. Бас бәйгеге тігілген 9 миллион теңге сыйақыға ие болды. Палуанның жаттықтырушысы – Мақсат Қиқымов.
II орынды Қостанай облысынан келген палуан Талғат Жиентаев иеленді. Оған 4 500 000 теңге сыйақы және қосымша диплом мен медаль табысталды. Жаттықтырушысы – Тоқтар Жиентаев. Жүлделі ІІІ орынды Жамбыл облысынан келген палуан Ғалымжан Қырықбаев алды. Палуанға табысталған жүлде қоры – 2 700 000 теңге. Палуанды Бақтияр Ақбергенов жаттықтырады.
«Халық барысы-2019» турнирі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұмытыла бастаған көне палуандық өнерінің бірі — белдесу спорт түрін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды.
Ұлттық спорт түрін қолдауға Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров, ҚР Еңбек сіңірген спорт қайраткері Д.Биткөзов, ҚР қазақ күресі федерациясының Президенті Арман Шораев қатысты.
Бұл белдесудегі ерекшелік – палуаның жасы мен салмағына шектеу қойылмайды. Жарысқа 18 жастан 50 жасқа дейінгі кез-келген азамат қатыса алады. Басты шарт: әрбір қатысушының салмағы 70 келіден асуы тиіс. Жарыс барысы Қазақстан Республикасы федерациясы бекіткен негізгі ережелерге сәйкес өткізілді.