Басты бетЖаңалықтарӨскеменде денсаулық...

Өскеменде денсаулық сақтау саласының мамандары марапатталды

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Өскемен қаласында облыстың денсаулық сақтау саласының мамандары марапатталды. Шығыс Қазақстан облысы, Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, медицина саласының мамандарына облыс әкімінің арнайы марапаттау қағазы, пәтер кілті, ақшалай және тұрғын үй сертификаты табысталды.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында еңбекқор, өз ісінің шебері атанған, жауапкершілігі мол, білікті дәрігерлердің көп екенін айтты.

Медицина саласы – басты әрі маңызды сала. Құрметті денсаулық сақтау саласының мамандары, сіздер адамдардың өмірі үшін күресіп, оларға үміт сыйлап жүресіздер. Өзге жандардың өмірін құтқару үшін көп нәрсені құрбан етесіздер. Соған қарамастан мейірімді болып қаласыздар. Осы үшін сіздерге алғысымыз шексіз. Еліміздің медицина саласы дами түсуі үшін қолымыздан келгенін жасаймыз, — деді аймақ басшысы салтанатты жиында.

Мереке қарсаңында он шақты дәрігерге пәтер кілті табысталды. Ал санитар, фельдшер медбикелер мен тәжірибеден өтіп жүрген дәрігерлерге, аудандық және қалалық ауруханалардың бас дәрігерлеріне, жедел жәрдем қызметінің жүргізушілеріне ақшалай сыйақы мен марапаттау қағаздары берілді. Осы жылы алғаш рет денсаулық сақтау саласының мамандарына тек ақшалай сыйлықтар ғана емес, «Сенім» кәсіподағы атынан тұрғын үй сертификаттары да табысталды.

Салтанатты шарада:

  • «Облыстың денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін» номинациясымен БСМП хирургия бөлімінің дәрігері Дүйсен Тәжібаев;
  • «Диагностика мен емдеудің жаңа технологиясын енгізгені үшін» номинациясымен ШҚО ОСМЦ рентген-эндоваскуляр зертханасының басшысы Мұхтар Қорабаев;
  • «Үздік жедел жәрдем бригадасы» номинациясымен Семейдің №31 бригадасы;
  • «Ең үздік ота жасау» номинациясымен облыстық аурухананың бригадасы;
  • «Мамандыққа деген адалдығы үшін» номинациясымен кезекші медбикелер – Гүлдария Нұрахметова мен Нұрғайни Сапарғалиева;
  • «Ең үздік науқастарды қалпына келтіру орталығы» болып ШҚО-дағы реабилитациялық орталық;
  • «Таңғажайып ісі үшін» микрохирургия бөлімінің басшысы Аэлита Байбосынова;
  • «Медицина саласының үздігі» болып Аягөз ауданының ауруханасы;
  • «Ең үздік менеджер» номинациясымен облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмахан мен №17 дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Владимир Ли;
  • Цифрландыру бойынша Өскемендегі №4 қалалық аурухана көшбасшы атанды.
Медицина саласының мамандары марапатталды
Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы

Кейінгі жылдары ШҚО-ның денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер мен даму байқалады. Медицина саласына жергілікті биліктің ерекше көңіл бөлуінің арқасында бұл салаға елеулі қаржы жұмсалып, заманауи техникамен жабдықталып жатыр. Науқастарды емдеудің жаңаша әдісін енгізу, дәрігерлерді шетелге тәжірибе алмасуға жіберу аймақ медицинасына елеулі үлес қосып жатыр.