Басты бетЖаңалықтарШетелдік суретшілер...

Шетелдік суретшілер Катонқарағай табиғатына тәнті болды

3 маусым күні Шығыс Қазақстан облысына Ресей, Германия, Франция, Түркия, Қырғызстан, Грузия, Литва, Әзірбайжан, Өзбекстан елінен суретшілер келді. Сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен тағы 20 суретші жиналды. Олар 4-11 маусым күндері Катонқарағай ұлттық саябағындағы «Рахман қайнары» шипажайының аумағында, Қазақстанның тарихымен танысып, сурет салды.

Көрмені облыс әкімі Даниал Ахметов қорытындылады. Аймақ басшысы әр еңбекке жеке тоқталып, суретші әлемді басқа қырымен сезінетін ерекше жан екенін айтты.

Бүгін Шығыс Қазақстанның көркем жерлері мен тылсым табиғатынан сыр шертетін қылқалам шеберлерінің жұмысына куә болып отырмыз. Әр сурет өзінше ерекше, қызық және бірегей. Жақында еліміздің тарихы мен археологиясын танытатын цифрланған Көркем және бейнелеу өнері орталығының құрылысын бастаймыз, — деді облыс әкімі.

Даниял Ахметов
Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы

Суретшілер Алтайдың інжу-маржаны саналатын Шығыс Қазақстанның табиғатынан керемет әсер алды. Плэнер-көрмеге қатысушылар халықтың зор ілтипатына, қонақжайлығына шексіз алғысын білдірді.

Мен еңбегімді жан-дүниеммен, бар сезіміммен жасадым. Өз Отаныма келгеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта әріптестік байланыс орнататынымызға сенемін. Мұндай фестивальді Берлинде де өткізсе, жақсы болар еді. Қазақстандық суретшілерге бұл өте қызық деп ойлаймын, — деді Берлиннен келген суретші Болат Мекебаев.

Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы

Көрмеде қойылған әр еңбек көз тамсандырады. Сондықтан үздігін анықтау қиынға соқты. 100-ден астам еңбек облыстық өнер мұражайына тапсырылады. «Жастар» паркінде пленэр-көрмеге қатысушылардың шеберлік сабақтары өтті. Сонымен қатар Жастар жылы аясында «Жастар арбаты» құрылды. Онда суретшілердің фестиваль кезінде салған суреттері қойылды.

Фото: ШҚО Ішкі саясат басқармасы