Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Италияға барады

16-26 маусым аралығында Шығыс Қазақстан спортшылары Италияда өтетін халықаралық жарысқа қатысады. Ел намысын Елена Шишаева, Айғаным Ермекова, Ринат Бектурсынов, Райхан Байркановалар қорғайды. Дайындық барысымен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, ШҚО Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Денис Рыпаков танысты. Олар спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Бойындағы қорқыныш мен ауруды жеңе білген жас спортшыларға үлкен бәсекеде сәттілік тілейміз. Мұндай турнирге қатысудың өзі үлкен жеңіс, — деді Әсем Нүсіпова.

«Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау қоры 2010 жылдан бері иппотерапиямен емдеуді қолға алған. Үлкен жұмыстың нәтижесінде қор 2013 жылдың көктемінде көпшілік назарына иппотерапиямен сауықтырудың әдістемесін ұсынды. Сол жылдың наурызында алғашқы 80 бала емделуді бастады.

Иппотерапиямен емдеудің бастапқы кезеңінде жақсы нәтиже байқалды. Әлемдік тәжірибеде иппотерапия 80 жылдан астам уақыт қолданылғанымен нақты ұсыныс-әдістер көрсетілмеген. Осы бағытты Қазақстан бойынша біз алғаш болып қолға алып отырмыз, — деді бас бапкер, «Ақ тай» қорының директоры Елена Черникова.

Фото: ШҚО Спорт және дене шынықтыру басқармасы

Жоба облыс бюджетінен қаржыландырылып отыр. Бүгінде ат спортына 128 бала қатысып жүр. Күнделікті 64 адам келеді, олардың 16-сы кәсіпқой спортшы. Биыл спортшыларды халықаралық жарысқа дайындау мақсатында немістің асыл тұқымды тұлпары алынды.