Алтай Көлгінов Нұр-Cұлтан әкімі қызметіне тағайындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновті Нұр-Сұлтан әкімі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Алтай Сейдірұлы Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалсын, — делінген Ақорданың сайтында жарияланған жарлықта.
Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда дүниеге келген. Бұған дейін ол Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды.
Алтай Көлгінов Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетінде оқыды. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.
Еске сала кетейік, мұның алдында Нұр-Cұлтан әкімі қызметін Бақыт Сұлтанов атқарған еді. Ол әкім қызметіне 2018 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.