Кішкентай кезімнен жақсы өмір сүруге, жақсы киінуге, тамақтануға деген талпыныс болды. Себебі, қарапайым отбасында тудым. Анам аспаз, әкем күзетші болды. Туыстарымыз да бай болған жоқ. Жоқшылықты көрдік. Ақша жетпей қалатын. 4-сынып оқып жүргенде елмен бірге темір өткізіп, азын-аулақ ақша таба бастадым. Қазір ойласам, бизнеске деген қабілеттілік бойымда сол кезде пайда болған екен.
6-сыныпта оқып жүргенде ешқандай ерекшелігім жоқ екенін түсіндім. Құрдастарымның біреуі әнші, біреуі суретші, біреуі математик еді. Менің қолымнан түк келмейтін. Сабақты да орташа оқимын, дене шынықтыруда саптың ең соңында тұрамын (күліп). Біреу футболды жақсы ойнаса, мен оны да білмейтінмін. Сосын «Неге мен өзгеше емеспін?», «Неге талантсызбын?», «Неге бір нәрсе үйренбеймін?» деген ой келді. Сол кезде маған Жадыра Мұратханқызы деген информатика пәнінің мұғалімі жол сілтеп, компьютерлердің тілін меңгеруге бағыт-бағдар берді. Ол кісі оқу ісінің меңгерушісі болатын. Мені информатика сыныбына кіргізіп, «Міне, үйрен»,-деп қалдырып кететін. Компьютерлердің ана жерін бір, мына жерін бір шұқылап жүріп, үйреніп алдым. 9-сыныпта жүргенде мұғалімдердің, құрдастарымның, Қарағанды қаласының біраз жерінде компьютер жөндеп, ақша табатын болдым. Олар ақысына 200-500 теңге береді. Ол кезде бұл кәдімгідей ақша еді ғой (күліп). Сөйтіп ақшаның құнын түсіне бастадым.
«Алғашқы миллионымды 17 жасымда таптым»
10-сыныпта өзімнің ең бірінші бизнесім – компьютер сататын орталығымды аштым. Ол кезде «Валют-Транзит банк» банкротқа ұшырап жатты. Мен оның компьютерлерін 4 мың теңгеден сатып алдым да, жөндейтінін жөндеп, істейтін бөлшектерін құрастырып, бір компьютерді 20 мың теңгеге саттым. Ол үшін таңғы 6-да тұрып, қалада хабарландыру жабыстырамын. Онда компьютердің фотосы, сипаттамасы, бағасы, байланыс телефондары жазылып тұрады. Сол арқылы біраз адамдар хабарласты. Аптасына 4-5 компьютер сатып, айына 100-150 мың теңге тауып жүрдім. Жазда әкем екеуіміз ауылдық жерлерге шыға басадық. Бірақ ауыл адамдарында ақша жоқ. Сондықтан бір компьютерді екі қойға айырбастадық. Ол кезде екі қойдың бағасы 30 мың теңге еді. Малды қалаға алып келіп, тағы саттық. Оның ақшасын доллармен беретін. Солай 17 жасымда ең бірінші бір миллионымды таптым. Оны қалай санағаным әлі күнге дейін есімде (күліп).
11-сыныпта ҰБТ-дан нашар бал жинап қалып, университетке түсе алмадым. Бір бал жетпей қалды. Сондықтан бір жыл тағы да компьютер саттым. Келесі жылы Ресейдің Томбы қаласындағы университетке «Ұшу динамикасы мен ракета құрастыру» факультетіне грантқа түстім. Ол жақта да босқа жүрмей, достарыммен бірге құрылыс ағаштарын саттық. Орман шаруашылығы бар қытай жігітпен серіктес атандық.
Университетте оқып жүргенде, әрдайым ізденісте жүретінмін. Шетелде гидропоникалық технологияларды қолданатынын естіп, бірден «Неге вертикальді жылыжай жасамасқа?» деген ой келді. Ол ойымды сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің блогына жолдадым. Министр мені Қарағандының ауыл шаруашылық басқармасына жіберді. Олар ешқандай көмек берген жоқ, тек «Жарайсың! Жасап жатқаның жақсы. Оқуыңды бітіргеннен кейін кел, қолдау көрсетеміз»,-деді. Соның өзі маған үлкен мотивация берген еді.
Ресейдегі оқуымды 2-курста тастап кеттім. Оқып жатқан салам қызық емес еді. Қазақстанға келгенде балмен, консалтингтік жұмыстармен айналыстым. Менде бір бизнес бастасам, оның ең жоғарғы табысына қол жеткізіп, 180 градусқа өзгеретін қасиет бар. Солай болды. Жинаған білімім жетіспейтінін түсіндім. Даму үшін Intertel компаниясына техник болып жұмысқа кірдім. Бір жылдан кейін техникалық директор болдым, одан кейінгі жылы 21 жасымда директордың міндетін атқарушы болдым. Ол 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан интернет және телефон байланыстарымен айналысатын Қарағандыдағы өте үлкен компания еді. Қол астымда 10 шақты адам жұмыс істеді.
«Гидропонды технологиямен жеті күнде 165 килограмм шем-шөп алуға болады»
Арада 3-4 жыл өткен соң гидропонды технологияға қайтып келдім. Әкем екеуіміз ең бірінші тәжірибелерді жасадық, құрылғыларын таптық. Бұл технологияны ауыл шаруашылығында қолдануымыздың өзіндік себебі бар. Қазақстанда еттің бағасы неге қымбат? Өйткені, малдың азығы қымбат. Соны арзандату үшін осы технологияны қолдануға болады. Бұл негізі Мысырда ойлап табылған, екі мың жылдық тарихы бар әдіс. Біз оны Қазақстанның экологиясына бейімдедік. Сол арқылы 33 кг арпадан 165 кг жасыл шөп алуға болады. Бірінші күні арпаны сеуіп шығасыз, жетінші күні ұзындығы 20-25 см жасыл шөп өсіп шығады. Бұл жерде басты рөлді температура ойнайды. Ол 18-22’С градустан жоғары болуы керек. Көбі бұларды жылыжайда қолданады деп ойлайды. Жоқ, жылыжай керек емес. Оны жертөледе немесе гаражда өсіре беруге болады. Күннің көзін арнайы шамдар алмастырады. Топырақ қажет емес, тек су ғана қолданылады. Тұқым себілгенде қалыңдығы 3 мм-ден аспауы керек. Сол сияқты түрлі технологиялық нюанстары бар. Оларды сақтасаңыз, өсу жылдамдығы артады да, өнім мол болады. Бір қателік кетсе, барлық тұқымды мүк басып кетеді.
Қазіргі күнде 30-дан астам шаруа қожалығы біздің құрылғыны қолданады. Олар Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Маңғыстау облысымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жуырда Қарағанды облысындаға үш мың бас малы бар үлкен шаруа қожалықтары біздің технологияны орнатады.
Қарқынды түрде дамып келеміз. Бәсекелестеріміз өте аз, Қазақстанда 2-3 компания ғана осы салада жұмыс істейді. Оларға қарағанда біздің сапамыз жоғары, бағамыз төмен. Мысалы, ресейлік аналогтың бағасы 325 мың теңге, біздікі 135 мың теңге тұрады. Сіз оны Ресейден алып келсеңіз, жеткізу үшін көлік жалдайсыз және 12% қосылған құн салығын төлейсіз. Сондықтан, біздің баға тиімдірек.
Осы технологиямен үй гидропоникасын шығаруды қолға алып жатырмыз. Қазан айының басында алғашқы нұсқалары шығады. Ол арқылы түрлі көкөністерді өсіруге болады.
Басты мақсатым – елімізде осы гидропонды технологияны, тіпті менікін болмаса да, енгізсе ғой деп ойлаймын. Себебі, бізде 100 жыл бұрын малды қалай бақса, әлі солай бағып келеді. Малды жайылымға жіберіп қойып, соңынан жүреді, барлық жүйкесін құртады. Оның орнына гидропоникалық технологияны қолданса, жаз бойы шөп шауып, оны тасып, қыс бойы «Шөп жетпей қала ма?»,-деп қорықпайтын еді. Бұл құралдар жасыл шөпті сізге 365 күн бойы береді және барлық пайдалы элементтері сақталады. Соның арқасында қысты күндері етті 10%-ға, сүтті 15%-ға көбейуге болады. Сондықтан, біз құрылғыларды сатқан кезде оның қолдану тәсілін, қалай құрса, өнімділігі жоғары болатынын сатып алушыларға толығымен үйретеміз.
«Мемлекеттік рәміздер бейнеленген сағат сапалы болуы керек»
Менің бизнесте 10 жылдық тәжірибем бар. Сондықтан әр түрлі салаларға табысы бар екенін көрсем, қорықпай кіріп кете беремін. Қазір жасыл технологиядан өзге, патриоттық «Отан» қолсағаттарын шығарып жатырмыз. Ашылғанына бір жылдан асты. Қазір 6 түрлі сағат шығарамыз. Ең алғашқысы – «Отан» сағаттары. Бұл идея қайдан келді?
Бірер жыл бұрын бір бизнесім банкротқа ұшырады. Жаңа идея керек болды. Сонда «Еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Осыған байланысты неге патриоттық сағат шығармасқа?» деген ой келді де, отырып алып сағаттың дизайнын сыздым. Сосын оны әлеуметтік желілерде жариялап, адамдарға ұсыныс жасап көрдім. Көп адамдар сатып алатындықтарын айтып, пікір білдірді. Сөйтіп, Есенов Айбек деген серіктесім екеуіміз сағат шығаруды қолға алдық.
Менің қандай бизнес бастасам да, бәріне ортақ бір ұстанымым бар – «Нөлден басталған бизнес – ең жақсы бизнес». Сондықтан қолымда бар ақшаға қосу үшін үйдегі біраз затты ломбардқа, біраз затты былай да саттым (күлді). Айбек те қолында бар қаражатын салды. Екеуіміз зауыттармен келісім-шартқа отырдық. Алғашқы 100 сағат 2015 жылдың желтоқсан айында шықты да, бір айда толық сатылып кетті.
«Президент» қолсағаттары толығымен Маямиде құрастырылады. Алғашқыда «Отан патриоты» сағаттарын қажетті бөлшектерін Еуропадан алып келіп, Қарағандыда жинадық. Кейін оларды да Еуропада құрастыруға жібердік. Сағаттар швейцариялық, жапониялық механизммен жұмыс істейді. Әйнегі сапфир, қалыбына алтын жалатылған. Менің ойымша, мемлекеттік рәміздер бейнеленген сағаттардың сапасы төмен болмауы керек.
2017 жылы Ресей мен Түркияның нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Оған көмектесетін серіктестер де тауып қойдық. Ол үшін Ресей мен Түркияның елтаңбасын сағатқа саламыз. Бұл үрдіс әлем бойынша әлі дамымаған, ондай сағаттар көп емес.
Сағаттардың ең арзаны 130 мың теңгеден басталады, ең қымбаты – «Президент» деген сағат. Ол 325 мың теңге тұрады. Тұтынушыларымыз депутат, бизнесмен ағаларымыз, шетелден де тапсырыстар түседі.
Біздің «Абырой», «Отан патриоты», «Қазақстан» сағаттарымыздың көшірмелері көп. Олар Қытайдан жасап әкеліп сатып жатыр. Кішкене өзгеріс енізсе бір жөн, оюларын өзгертіп, басқа детальдар қосуға болады. Елтаңбаны салғанына қарсы емеспін. Бірақ олар біздің дизайнды толығымен қайталайды, рим цифрлары қалай орналасқан, өрнектер қалай түскен – бәрін көшіреді. Ал, бағасы 5-10 мың теңге аралығында. Оларды сотқа беруге болатын еді, алайда қытайлықтар маған: «Не жақсы сатылса, біз соны көшіреміз»,-деді. Бір жағынан ол бізге берілген баға (күліп).
Бұдан бөлек Қарағандыда «Нұр шуақ» деген 250 гектарлық агрополисіміз бар. Оған қоса, кішігірім кафем бар, туристік компаниям ашылайын деп жатыр.
Қазір жас кәсіпкерлер ассоциациясының басшысымын. Алайда, таза бизнеске кетейін деп жүрмін. Ондай жерде отыруға әлі ерте сияқты. Тағы да кішкене тәжірибе жинап алайын (күліп).
«2017 жылы 1 млн доллар табыс табуды жоспарлап отырмыз»
Жаңа іспен айналысу, жаңа идея іздеу – маған рахат сыйлайды. Менің тұрақты кеңсем да жоқ: бизнесім Қарағанды мен Астанада, өзім Алматыдамын. Неге? Өйткені маған осындай өмір сүру образы ұнайды. Жаңа адамдармен танысамын. Мысалы, ертең үлкен бір компания басшыларымен кездесемін. Олармен бірлесе отырып, Қазақстандағы су фильтрін шығарғалы жатырмыз. Ол идея аяқ астынан келді. Мен көбінесе бәсекелесі аз, дамымаған, алайда ақшасы бар салаға ғана кіремін. Көп адамдар ондай саланы көре білмейді. Олар, керісінше, танымал болып жатқан салаларға жүгіреді. Осының арқасында 2015 жылы 500 мың доллар табысқа қол жеткіздік. 2017 жылы бұл табысты 1 млн доллардан асыруды жоспарлап отырмыз.
Алдағы бес жылда…
Қазақстанда импорт өте жақсы дамып келеді. Бірақ, оған ешкім кірісіп жатқан жоқ. Елімізде бос салалар өте көп. Неге тауық етін мұхиттың ар жағындағы Америкадан, қой етін Қытайдан әкеледі? Неге IT-технологиялар мен киімдер шетелден келеді? Соны елімізде дамытып, өндіруге болады. Қазір Ресейдің нарығы ашық. Оларға бұрын Еуропадан заттар әкелінсе, қазір жауып тастаған. Сондықтан, Қазақстаннан сол жаққа шығуымызға болады. Менің болжамым бойынша, алдағы бес жылда импорттық өнімдердің орнын басатын бизнестер дамитын болады.
«Өзімді дамыту үшін…»
Көп адамдармен танысамын, шетелге көп шығамын. Осы жазда алты мемлекетте болдым. Алайда, ағылшын тілін нашар меңгергенмін. Көбінесе аудармашы жалдаймын немесе Google Translate бағдарламасымен жүремін. Тіл білмейтініме ұяламын, үйренуге уақыт болмай жатыр.
Әр түрлі шараларға қатысамын. Сол арқылы жаңа идеялар алып, жаңа бизнестермен танысамын. Дамимын. Шынымды айтсам, бизнес жайлы кітаптарды оқымаймын. Оларға аса сене қоймаймын.
Арман Тосканбаевтың бір күні
Таңертең 9-да тұрамын. «Дені саудың – жаны сау»,-деп күн ара фитнеске қатысамын. Кеңсеге көп бармаймын. Менің кеңсем – компьютерім. Сол арқылы командамды толығымен қадағалаймын. Барлық жұмыс онлайн ресурстарда тіркеліп отырады: бүгін қанша сатылым болды, қанша тапсырыс түсті, қандай жұмыс істеліп-істелмей жатқанын қашықтықтан біліп отырамын.
Кәсіпкерден кеңес
1. Жетістікке жеткіңіз келсе, беріліп істеу керек. 2015 жылы қандай девальвация болғанын көрдік. Ол бізге мұнайсыз өмір сүріп үйрену керек екенін көрсетті. Ертең мұнай мүлдем құлдырап немесе жойылып кетсе, экономиканы бизнес қана құтақарады. Мемлекет те орта және шағын бизнесті дамытуды қолға алды. Жастарға көп жағдай жасап отыр. Алайда, жастар оны пайдаланбайды. Олар университетті бітіре салып, еңбекақысы 150-200 мың теңге болатын жұмыс іздейді. Мен алғашқы жұмысыма кірерде: «Маған ақша керек жоқ, тәжірибе керек. Сол үшін алыңызшы»,-дедім. Бірақ бастығым: «60 мыңнан бастайсың, ары қарай тәжірибеңе қарай өсе бересің»,- деді. 2 жылдан кейін 200 мыңнан асатын еңбекақы алдым.
2. Жетістікке талпыну керек. Жастарға не болғанын білмеймін, жетістік жасауға деген талпыныс, романика жоқ (күліп). «Осы өмірде біраз жетістікке жетуім керек» деген біраз авантюризм мен романтика керек. Әйтпесе, жұмыс-отбасының арасында жүріп, жылына бір демалыс, аптасына жеті күн, жылына 365 күн, солай жетпіс жыл бір жерде жұмыс істеу деген миға сыйымсыз ғой.
Қазақстанды әлемге танытқанның бірі — Геннадий Головкин. Тура солай неге талпынбаймыз? Бизнес бір жолы ғана. Спортта да, өнерде де танымал болуға болады.
3. Серіктестермен жұмыс бастағанда барлығын алдын-ала келісіп, басын ашып алу керек. Барлығы қағазға түсетін болсын. Ауызбен айтылғанның күші жоқ. Қай компаниямен, қай серіктеспен жұмыс істесеңіз де, әрдайым келісім-шартқа қол қойыңыз. Кезінде бұл кеңесті маған айтқандар болған, мен оған құлақ аспадым. Осыным дұрыс болмаған.
4. Командасыз ештеңе өнбейді. «Жалғыздың үні шықпайды».
5. Жас кәсіпкерлерге жұмысқа тәжірибесіз адам алмау керек. Сіз өзіңіз бизнесті енді бастап жатырсыз, қалай тәжірибесіз жанды аласыз? Ол сіздің бизнесіңізді одан сайын құлдыратады. Сондықтан, өз ісін білетін кәсіби мамандармен жұмыс істеңіз.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Дарын Шөкенов
Жарайсың бауырым.Қазақтың осындай жастары көп болсын
енді тоқ қасқыр болмасаң болды
енді еліміздің көркейуіне үлес қос
Аманжол Рысмендиевтен сұхбат алыңыздаршы
Арман мырза, Жарайсыз!!! Оркениниз оссин, Тек алга!!!
Молодес. Қазақтың осындай жастары көбейе берін. Арман тек алға.
Жарайсың бауырым тек алға арқашан сәтілік өркенің өссін
Жарайсын !
Жарайсын !
Әр жас кәсіпкерді окыған сайын маркайып озимнен озим, жаңа ойлар туып, мотивация алып кадимгидей лаззат алып отырмго мына «50 касипкер» макаласынан…