Шілде айында қазақстандықтар қанша күн демалады?

«Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» заңға сәйкес 6 шілде елорданың мерекесі болғандықтан бұл күні қазақстандықтар демалады. 2019 жылы 6 шілде сенбі күніне түсіп тұр. Сол себепті демалыс күні 8 шілдеге ауысады, яғни дүйсенбі күніне. Сондықтан бес күндік жұмыстағы қазақстандықтар үш күн демалады. Бұл 6-8 шілде аралығына келіп тұр.

Астана күні — Қазақстанның мемлекеттік мерекесі. 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстанның Жоғарғы кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы шығарған. 1998 жылы 6 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен Ақмола Астана болып өзгерді. Ал 2019 жылдың 20 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде ант қабылдағаннан кейін Астананы Нұр-Сұлтанға ауыстыруды ұсынды.